- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Қазақтардың 1916 жылғы...
Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Әйткенмен, Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары - 22,1%-ға, картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының сипатты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің және тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс күшінің жетіспеуі болатын. Мәселен, Ақмола облысының Көкшетау уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналысып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеліп соқты. Оған сан және сапа жағынан үлкен зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды. Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық алқаптың жылқы - ірі қара жайылатын 190 жайылымы тартылып алынды және жалға алуға даярланды.
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы әсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының өсуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін сала - шошқа шаруашылығы жедел дами бастады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металлдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе, Риддер және Сокольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен “Спасск мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” акционерлік қоғамы өндірді. Бірақта, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді.
Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен жабдықтап отырды.
Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды.
Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы күндік жұмыс үшін – 1 сом 04 тиын, 1915 жылы – 94 тиын төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты.
Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашарлауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, Орынбор, Ташкент және Транссібір теміржолдары жұмысшылары арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады.
Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да қамтыды. Мәселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат әйелдерінің тобыры көпестер - Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. Нәтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына зор ықпал жасады.
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдалар мен мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, дворян және құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты.
Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пайда болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды.
Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде байлар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты.
Қазақстанның әр түрлі аудандарында пайда болған стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (басшылары: Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда (басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды.
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық көріністері, 2) тамыз - оның қарулы көтеріліске ұласуы және 3) қыркүйек-қазан - көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады.
Сурет: alashainasy.kz, shuud.mn, egemen.kz
Ж. FM