Қазақ халқы той-думанға, салт-дәстүр мен жоралғыға бай халық. Баланың туылғанына бастап отау құрып, балалы болғанына дейін толып тұрған салт. Балаға арналған сондай салт-дәстүрлердің кең таралғандарын ұсынып отырмыз.
Шілдехана. Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналған салт-дәстүрлердің бірі – шілдехана. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгеніне той жасау рәсімге айналған.
Жас бала алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Мұнда арнаулы мал сойылып немесе сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастарқан жасалады, ойын-сауық, өлең-жыр айтылады. Бұл сапарға шықққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.
Қазақ халқының әдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуін "ұл туғанға – күн туған" деп ерекше бақыт санаған. Отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Қазақ халқында ұл бала туылса да, қыз бала туылса да, жақын туыстарына хабарлап, "сүйінші" сұраған.
Қуаныштарын той жасап, атап өтеді. Ол тойға жақын туыстары мен жора-жолдастары келіп, нәрестенің жақсы азамат болып өсуіне тілектерін білдіріп, шамаларына қарай, арналған сыйлықтарын береді. Баланың анасына туған-туыстары күтіммен қарайды.
Туылған ер баланы отыз күн, қыз баланы қырық күн суға түсіріп, денесін сылап, буындарын созады. Қырық күн өткен соң, қырқынан шығару ырымын жасайды. Оны туыстары болып келетін үлкен кісіге тапсырады. Осындай міндет жүктелген адам, сыйлығын бір тоғыз етіп дайындап, келіп, нәрестені қырқынан шығарады.
Бесік той. Бұл – туған-туыстардың жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрі. "Бесік алып бару" – қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.
Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағилармен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» басталады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады. Баланы бесікке саларда бесікті аластау ырымы жасалады.
Жаңа бесікке нәрестені бөлмес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге "тышты ма" деп, үлестіріп береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды.
Тұсау кесу – қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүрі. Бала жүре бастаған кезде кішігірім той жасап, тұсау кеседі.
Тойға келген тұсау кесер тойына сыйлықтарымен, шашуларымен келеді. Дастарқан жайылып, көрші-қолаңдар, әйелдер, қыз-келіншектер жиналады. Тұсау кесетін баланың аяғына байлайтын жіпті тұсау кесер әйел дайындап алып келеді. ал тұсау кесетін әйелді баланың әке-шешесі таңдайды. Беделді, жасы үлкен, балалы-шағалы әйелге жүктейді. Ол әйел шамасына қарай бағалы сыйлық береді. Кей жерлерде баланың басынан аяғына дейін жаңа киімдер кигізіп, әкелген сыйлығын ел көрсін деп тұсауын кесіп ортаға жібермей тұрып кигізіп қояды.
Бұрынырақта тұсауы кесілетін балаға ат пен ер тоқым сыйлаған. Қазір олардың қажеті шамалы болғандықтан баланың қажетіне жарар ойыншық, киім-кешек сыйлап жатады.
Өлеңдер айтылып, жиналғандар тілектерін тілейді. Тұсау кесер тойына арналған көпке мәлім әннің бірі мынау:
Қаз-қаз балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Тұсауын кескен әйелге әке-шешесі ризашылығын білдіріп, сыйлығын тарту етеді. Киітін береді.
Сүндет той. Сүндеттеу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ең бірінші Ыбырайым пайғамбар мен оның ұрпақтарын сүндеттелген және сүндетке отырғызу Құдайдың берген өсиеті болған. Қазақ халқында бұл салт-дәстүрге айналган. Халықтың түсінігі бойынша,сүндетке отырғызудың мақсаты бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді.
Қазіргі күні қазақ халқы осы салтты "Сүндет той" деп атап, көп жерде үлкен той жасайды. Сүндетке отырғызылған балаға тай мінгізіп, келген қонақтары сыйлықтар сыйлайды.
Бұрынырақта атқа жабу жауып, ашамай салып, сүндетке отығызылатын баланы отырғызып, алдына қоржын іліп, туған-туыстарын тойға шақыртуға шығарған.
Қазіргі кезде арнайы шақыру билеттерін жасап не ауызба-ауыз шақырады. Той басталғанда, кейбір жерлерде, арнайы ұлттық киім киіндірген баланы атқа отырғызып, жиналған қонақтардың алдына шығарады.
Тойға арнайы келген жақын туыстары тілектерін айтып, сыйлықтарын сыйлайды. Би биленіп, өлең айтылып, ойын ойналады.
Сырға той. Кішкене қыз бала есейіп, құлағын тесіп, сырға салғанда жасалатын той. Халқымыз "Қызымыз сырғалы, қыз санатты болсын" деп құлағын тестіріп сырға салатын болған. Қыздың басына үкілі тақия кигізеді. Осыдан бастап қыздар өзін басқаша сезінген. "Қызға қырық үйден тыю" деген ұғым бар. Ол осы "сырға тағу" рәсімінен кейін басталады.
Бауырына салу. Немерелерін ата-әжесі немесе жақын туыстары уақытша тәрбиелеуге алғанды "бауырына салу" деп атайды. Бауырына салғанымен, ата-аналарынан айырмайды. Асырап та алмайды. Бұл дәстүрдің мақсаты – жалғыз қалған ата-анасына ермек болсын деп, ал туыстарына көмек ретінде балаларын уақытша жібереді.
Бауырына салушылар тәлім-тәрбиесін беріп, қамқорлығын жасайды. Бала өскен соң, ата-анасына кетеді немесе сол шаңырақта қала береді. Қазақ халқында, әсіресе, бірінші немерелерін бауырына ұлдың әке-шешелері салады. Бірінші немере үлкендердікі деп есептеледі. Бірақ ата-анасы да қоса тәрбие береді.
Есейген балаға бауырына салған адамдар әрдайым ыстық болады. Өз баласынан кем көрмеген әже, атасына немесе туысына есейген бала ең алғашқы табысынан сый сыйлайды. Бұл оның ризашылығын білдіреді. Жүрген жерінде мақтап айтып жүреді. Үйленіп, теңін тауып, тұрмысқа шыққанда, үйлену тойларына қадірлі қонағы етіп, үлкен ата-аналары деп, тілек білдіруде сөз кезегін бірінші соларға береді. Келін түсіргенде, сол үйдің табалдырығын аттатады.
Асырап алу. Басқа халықтарда сияқты қазақ халқында да асырап алу салты бар. Нәрестелі болмаған ерлі-зайыптылар, ата-аналарымен және өзара ақылдасып, бала асырап алады. Құжаттарының барлығын заңды түрде жасайды.
Өздері ат қойып, өз аты-жөндеріне жаздырады. Әсіресе, баласы жоқ ерлі-зайыптылар туыстарынан асырап алуға тырысады. Мұндай жағдайда баланың әке-шешесімен алдын-ала келіседі. Асырап алған ата-аналар балаға ерекше жауапкершілікпен қарайды. Жақсы тәрбие беруге, жағдайын жасауға тырысады.
Балалар үйінен асырап алған жас нәрестеге "асырап алдық" деп айтпай тәрбиелеген жөн. Егер басқа балалары бар болып тұрып, асырап алған күнде өз балаларынан кем көрмей, бөлмегені дұрыс.
"Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан
Оқи отырыңыз: Балаға қатысты сал-дәстүрлер #2