Балаға қатысты салт-дәстүрлер #2

Балаға қатысты салт-дәстүрлер #2
Фото: massaget.kz

Халқымыз үшін баланың бойға біткеннен есейгенге дейінгісінің бәрі - той мен қуаныш. Баланың әр кезеңін оймен кестелеп, өмірінің әр бұрышын салт-дәстүрмен, салт-санамен байытып отырған. Сондықтан болса керек, халқымызда балаға қатысты салт-дәстүр мен ырым жетерлік. Солардың кейбіріне тоқталып өтейік.  

Құрсақ той. Бала алғаш жатырға біткен кезде жасалатын салттың бірі – құрсақ той. Бұл дәстүрді негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлері сақтап қалыпты. Қамқор ене жас келіннің бойына бала біткеннен кейін ауылға хабар беріп, кездейсоқ тіл-көзден сақтау үшін құрсақ той өткізіп, елге таныстырады. Көптен бері бала көтере алмай жүрген әйелдер де бойына бала біткен кезде, құрсақ шашу ырымын жасайды. Ол үшін құрсақ көтерген әйел үйінде дастарқан жасап, құрдастарын қонаққа шақырады. Ал келген әйелдер ақша, мата не тәттілер әкеп, шашу шашады.

Кіндік кесу. Бұрынғы қазақтар баланың кіндігін кез келгенге кестірмеген. Шырылдап дүниеге келген баланың кіндігін кестіретін адамды алдын ала дайындап қояды. Мейлінше, жұртқа танымал, сыйлы, абыройы бар, мінезі жұмсақ жандарға кестіреді. Немесе осы жанұя мен әулетке ең жақын, құрметті адам кеседі. Бұл ғұрыптың да мәні тұсаукесуге ұқсас. Мәні – бала кіндігін не тұсауын кескен адамға ұқсасын деген іштей сенім.

Бесікке салу. Сәби өмірінің алғашқы кезіде жасалатын салттың бірі – бесікке салу. Баланы қырқынан шығарғаннан кейін бесікке салады. Бұл да бір шағын той. Мал сойылып, ауылдың үлкен әйелдері, абысын-жақындарды, көрші-қолаң шақырылады. Келген әйелдер шашу шашып, қуанышқа ортақ екенін сездіреді.

Еліміздің оңтүстік аймақтарында "Бесік алып бару" дәстүрі бар. Бесіктің жасауын қыздың анасы дайындайды. Бесіктің ішіне баланың киетін киімдері мен үстелге қоятын тәтті тағамын қоса алып барады. Алып барған киттің ішіне тоғыз түрлі зат салады. Оның ішінде зергерлік заттар да болады.

Баланы жөргектен шығарып, ит көйлек кигізген сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жасы жағынан болсын, мінез-құлқы, іс-әрекеті жағынан болсын, парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, баласы көп бәйбішелердің бірі салады. Баланы бесікке салмас бұрын аластау ырымы жасалады.

Ал еліміздің батысы мен шығыс аймақтары бесікке салуды кәдімгі той ретінде өткізеді.

Бойтұмар тағу. Халқымызда жас нәрестеге немесе екіқабатқа әйелге көз тиіп кетпесін деп молдаға апарып дұға оқытып не жаздырып бойтұмар тақтыратын ғұрып бар. Кейде ересектеу балалардың өзі ауырып қалса, молдаға апарып ұшықтатып, тұмар жаздырып алады. Бала тұмарды мүмкіндігінше өмір бойы тағып жүруі керек.

Тұмар мойынға тағады немесе киімнің омырау тұсына қадап қояды. Тұмардың сырты былғарыдан тігіліп, ою салынады. Кейде тұмаршаның ішіне ұсақ жеті тас салып қоятын әдет болған. Оны тіл-көзден сақтау үшін жасаған. "Тіл-көзім тасқа" деген сөз де осыдан қалса керек.

Қырқынан шығару. Жаңа босанған әйел қырық күн қолын суық суға салмай, барынша жылы киініп, салқын жерге шықпауы керек. Салқын затқа қол тигізбей, барынша алыс жүргені жөн. Жаңа босанған әйелге ақсарбас қой сойып, ақ тілеу айтып, қалжа жегізеді. Қалжа босанған әйелге күш-қуат береді, іштегі суықты айдайды, ағзасына шипа береді деп түсінген.

Сәби дүниеге келгеннен кейін 40 күн өткеннен соң, бала ширады деп қырқынан шығарады. Нәрестенің ит көйлегі шешіп, жуындырады. Шашы мен тырнағы алынады. Баланың үстіне қырық қасық суды құйып, "отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын" деп тілек айтып шомылдырады. Суға сақина, жүзік, теңге сынды зергерлік заттарды салып жуындырады. Баланың қарын шашы алынғаннан кейін, тастай салмайды. Шүберекке түйіп, тұмарша етіп тігіп, баланың киімінің оң жағына тағып қояды. Ал тырнағын көміп тастайды.

Оқи отырыңыз: Балаға қатысты салт-дәстүрлер

Қ. Слямбек