Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Бабаджа қатын

Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Бабаджа қатын
Фото: z-taraz.kz

Қазақ даласында ержүрек, дана әйел аз болмаған. Бірі әулеттің анасына айналса, енді бірі адал қызметімен, діни сауатымен ел есінде қалған жандар. Сондай жандардың бірі – Бабаджа қатын.

Бабаджа қатын кім?

Бабаджа қатын туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Бірақ ел арасында жүрген аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Бабаджа қатын ару Айша бибінің қызметшісі, сенімді күтушісі болған көрінеді. Аңыз желісінде Айша бибі өмірден өткен соң оның тірі күнінде күтушісі, сапарласы, қамқоршысы болған Бабаджа қатынның өмірінің соңғы күніне дейін ару кесенесінің шырақшысы болғаны айтылады. Бабаджа қатын кесенесінің де Айша бибі жерленген мазардың маңында орналасуының сыры да осында деседі.

Ал Айша бибінің күтушісіне кесене тұрғызған Айшаның ғашығы Мұхаммед хан болса керек.

Кесене

Бабаджа қатын кесенесі – Тараз қаласынан 18 шақырым жерде, Айша бибі кесенесінің маңында орналасқан ескерткіш. Шамамен, Х-ХІ ғасырға жатады. Кесененің құрылысы мен композициясы қарапайым. Ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабырғаларында сәндік безендіру жоқ, қарапайым өрнектермен безендірілген.

Күмбезінен басқа бөліктері жақсы сақталған. Күмбездің тек қырлы барабаны мен қырлы шатыр жабуының бөліктері аман қалған.

Кесенеге 1979 жылы жөндеу жұмыстары жасалып, қазірге келбеті сол кезден қалған. Нысанның қабырғасына «насх» әдісімен жазылған мәтінде бұл кесененің Бабаджа қатын қабірі екендігі жазылған. Қасбетінде «Бұл Бабаджа Хатун қабірі... Оны салушы» деген жазулар сақталып қалғанымен, автор жайындағы мәліметтер жоғалып кеткен. Сәулетші ғалымдар ескерткіш күмбезінің 16 қырлы конус жабынына айрықша назар аударады. Бұл Орта Азиядағы ерекше сәулеттік стиль саналады.

Ескерткіш жобасында онша үлкен емес, ішкі жақтарының ұзындығы 4,5 м болып келген шаршы тұрпатты құрылыс.

Бұл кесенеге соңғы рет 2002 жылы реставрация жұмыстары жасалған. 

Қ. Слямбек