- Негізгі бет
- РИО-2016
- Олимпиаданың алтыншы күні...
Олимпиаданың алтыншы күні медаль бұйырмады
Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының алтыншы күні де артта қалды. Олимпиаданың алтыншы күні қазақ спортшылары үшін сәтсіз болды деуден аулақпыз. Алайда, әттеген-ай деген өкініштер де болды.
Бүгін Рио таңы қылаң бере қазақстандық спорт жанкүйерлері дзюдошы Максим Раковтың өнерін тамашалауға асықты.
Бұл балуанымыздан үміт күткендер көп еді. Қалайда үздік үштіктен көрінеді деп сенді. Ол алғашқы кездесуінде эстониялық Григорий Минашкинді жеңген де жеңіске деген сенімдері еселене түскені анық.
Өкінішке қарай, 1/8 финалда чехиялық Лукаш Крпалектен жеңіліп қалады деп ешкім ойлаған жоқ. Осы қарсыласын ұтса, ары қарай медальға бір табан жақындаймыз деп іштей жорамалдар жасадық.
Қос балуан ары-бері көп айқасты. Бір-бірін айқын басымдылықпен ұта алмады. Сол себепті мықтыны төрешінің ескертуі анықтады. Ол қазақстандық балуанға сылбыр күресті деп бір ескерту жасады. Осы ескерту Максим Раковты Рио олимпиадасын аяқтауына әкеліп соқты.
Сонымен Қазақстаннан Рио олимпиадасына 6 спортшы ел намысын арқалап келген болатын. Бүгін Раков алтыншы болып, жарысқа шығып, дзюдошыларымыз Рио олимпиадасын аяқтады. Спорттың бұл түрінен 6 спортшы бір күміс, бір қола жеңіп алды. Жалпы бұл бір спорт түрінен алып қарағанда жаман көрсеткіш емес.
Сонымен қатар, бүгін Риода төрт бірдей боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Төртеуінің үшеуі қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды. Ал бір боксшымыз қарсыласынан ұтылып, жанкүйерлер қатарына қосылды.
Бүгінгі жарысты боксшылардан бірінші болып, 56 келі салмақта өнер көрсететін Қайрат Ералиев әзербайжандық Джавид Челебиевтан айласын асырды. Есеп - 3:0.
Екінші шаршы алаңға көтерілген 64 келідегі боксшымыз Абылайхан Жүсіпов британиялық Пат Маккормактан жеңілді.
Үшінші боксшымыз 69 келіге дейін салмақта жекпе-жекке шыққан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов ұлыбританиялық Джош Келлиді ұтып, ширек финалға жолдама алды.
Қазақстандықтар үшін бүгінгі бокс кешінің шымылдығын Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов жапты. Ол 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецтан айласын асыра білді.
Сонымен Мырзағали Айтжанов баптап алып келген 10 боксшының үшеуі жарыстарын аяқтады. Енді жеті боксшы Рио олимпиадасындағы жемісті жолдарын ары қарай жалғастырады.
Сондай-ақ, бүгін Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 50 метрден пневматикалық винтовкадан оқ ату сайысында сынға түскен Елизавета Король финалға өтетін қажетті ұпайды жинай алмады. Ол іріктеу кезеңінде 575 ұпай жинап, 24-ші орынға табан тіреді.
Сонымен Қазақстан құрамасы бүгін жалпы командалық есепте кешегі орыннан бір сатыға төмен сырғып, 12-орында тұр.
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы