Галбадрах Отгонцэцэг жанкүйерлеріне қазақ тілінде алғысын білдірді

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды. Төртжылдықтың басты додасында бақ сынаған отандастарымызды қалың жұртшылық Алматы әуежайында зор қошеметпен қарсы алды. Ал Галбадрах Отгонцэцэг жиналған жұртқа қазақ тілінде алғысын білдірді.

- Құрмет көрсеткендеріңізге рақмет. Мен медаль алғаныма қуаныштымын. Тағы да рақмет. Алға, Қазақстан! – деді моңғол қызы.

Ал тілшілерге сұқбат берген ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ермек Имамбеков Галбадрахтың қашан қазақша үйреніп үлгергенін білмейтінін жеткізді. «Әйелдер құрамасының жаттықтырушысынан сұрау керек» - деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқылардың бірі болып қола жүлдені салған болатын.