Еліміздің Олимпиада құрамасы допинг-тестен өтіп жатыр

Допингпен күресу және ел спортының имиджін қорғау мақсатында Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында 26 спорт түрінен сынға түсетін 104 қазақстандық спортшы допинг-тестен өтіп жатыр.

Тестілеу 20 шілде мен 1 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тапсырмасымен ұйымдастырылып отыр.  

Тест сынамалары Дрезден қаласындағы (Германия) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеуден өткізген тәуелсіз зертханаға жіберілді. Қосымша допинг-тест өткізуге қаржы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы «Спортты қолдау қоры» корпоративті қорынан бөлінген. Допинг табылған жағдайда спортшыларға ұлттық деңгейде ең қатаң шаралар қолданылатын болады.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитеттен хат алды. Құжатта ХОК Қазақстанның допингпен күресуге бағытталған іс-шараларын қолдайтыны айтылған.

Дереккөз: bnews.kz