Батырлар жырын оқытуда сүйіспеншілік тәрбиелейміз

Туған елге

Батырлық жырлар, батырлар жыры — ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеум. қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі.Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың осы өзгешелігіне байланысты ғылыми ортада көптен бері түрлі тұжырымдар орын алып келеді. Ресейлік зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек етсе, енді бір топ ғалымдар (В.Я. Пропп, Б.Н. Путилов, т.б.) эпостың нақты тарихи оқиғаларға қатысы жанама түрде ғана көрінеді деген пікірді алға тартады.

Соңғы кездері, эпостық жырларда тарихтың да, көркемдік шарттылықтың да белгілі бір дәрежеде орын алатынын, бұл екеуінің үнемі бірге әдіптеліп отыратынын негіздеген зерттеулер жарыққа шықты (В.П. Аникин, В.М. Гацак, Р. Бердібаев, Ш. Ыбраев, т.б.). Қалай болғанда да, Батырлық жырлар — ең алдымен көркем шығарма. Ол өзінің жанрлық нысанасына қарай шындықты өзінше қорытып, оны өзінің көркемдік өзгешелігіне қарай өріп отыратыны даусыз. Эпостық жырлар адамзат қоғамының тарихи даму үрдістерімен бірге жасап келеді. Осыдан болса керек, эпостық жырларды кейде тарихи кезеңдерге қарай топтастыру орын алып келе жатыр. Эпостық жырларды іштей саралап, жанрлық белгісіне, шығу дәуіріне қарай топтастырып отыру ғылымның жеткен деңгейін танытады және мұндай жинақтаушылық сипаты бар ой-пікірлер бұрын-соңды жүргізілген ізденістердің нәтижесіне сүйенеді. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Шоқан Уәлиханов, Г.Н. Потанин, В. Радлов, Ә. Диваев, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, кейіннен Қоңыратбаев эпосты он салаға бөледі. Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ эпосының шығу дәуірін, жанрлық түрлерін ішкі көптеген ерекшеліктеріне қарай топтастыру оңай іс емес.