Ж. Жабаевтың «Шағым» өлеңіндегі негізгі ойы

Молдадан оқымау

Жамбыл– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз.