Шұғыла Сапарғалиқызының өмірбаяны

Шұғыла Сапарғалиқызының өмірбаяны

жақсы
... Қазақтың би өнеріндегі кейбір тұстары ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өзгеше жат бағытқа түскенін бүгінде мойындаумыз керек-ақ.Бұл келеңсіз құбылыс ұлттың табиғаты мен тарихын түсініп,білмей-ақ, би өнеріне жетекшілік жасаған кейбір «шеберлердің» кеудемсоқтығынан зиянды тамыр тартқан-ды.Нақтылай айтсақ,кеңес дәуірі кезінде ұлтымыздың бишілік үрдістерінде басшылықты қолға алған бауырлас өзге ұлттар өкілдерінің қазақтың ерлік пен мәрттікті насихаттайтын,көшпенділер өркениетінің тәкаппар да қайсар өжеттік пен биік азаматтықты ту еткен ділі мен жан-дүниесін паш ететін билеріне «атқа шапқан қазақ жігіттерінің далақтаған бейнесін» негізінен зорлап,мақсатты жымысқылықпен,әдейі енгізгені,сөйтіп,оларға тек экзотикалық реңкі берумен ғана шектелгені анық еді.
Осы күндергі американ үндістері ұрпақтарының әлем-жәлем киініп,жер тепкілеп,найзаларын шошаңдатып,ақ тер-көк тер болып,жаныға көрсететін билерін адамзат өнерінің асқар шыңы-балет секілді ғажайып қимыл сұлулығының нәзік мәнерлерін өмір нақыштарына,оқиғалар орамына өру дарынына айналдырған Италия,Франция секілді елдер саяхатшылары тек экзотика ретінде тамашалайтынын кім білмейді.
Кешегі кеңестік дәуірде де би өнерімізге әлгінде айтқанымыздай,кездейсоқ орнығып қалған,ұлттық би өрнектеріне он қайнаса сорпасы қосылмайтын «ырғақтар» мен «қозғалыстар» да бодан елдің маңдайына осы мақсатпен таңылған еді.Би өнерімізге көлденеңнен қосылған сол келеңсіз көріністер тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарға да жан себілдікпен жетті.Ешкім байқаған да.осымыз не деген де жоқ.Тек,2005 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылдары аясында Мәскеуде болған еліміз өнер шеберлерінің концертін қадағалаған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,аяулы ақынымыз Ұлықбек Есдәулет қана:- Сахнаға тапырақтап,сәйгүлік мінген болып шыға келген биші жігіттеріміздің өнерлері көңілімізді жүдетті»-деп,жылдар бойы халықтың асылы-би өнерімізде сақталған,кезінде көлденең көк аттылар әдейі мазақ ету үшін бұрмалап енгізген би ырғақтарын байқап,жаны ауыра жазады.
Жасыратын не бар,өз уағында бұны біз де байқағанбыз!Бірақ,Ұлықбек секілді батыл айта алмадық.Өнерде сенен гөрі мен көп білемін деп дау сала кететін көк езулермен жаға жыртысудан тайсақтап,пендешілік жасадық.
Бір қызығы,сөйтіп жүріп,қазақтың би өнерінің шын бейнесін көп ұлтты Қазақ елінің және жер-жаханның сахнасына алып шығатын шын талантты зарыға күттік.Азаттығымыздың арайлы таңы атысымен Елбасымыздың жалпы өнерге деген шын жанашырлығының арқасында ол арманымызға да қол жеткіздік.
Қытай Халық Республикасына барған 2000 жылғы ресми бір сапарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Пекиннің ән-би ансамблінде қызметте жүрген жас дарын Шұғыла Сапарғалиқызының талантын байқап,елге шақырды.Астанадан пәтер бергізіп,алдынан ақ жол ашты.Міне,сол Шұғыламыз қазақтың Шара сынды ұлы бишісінен кейін ұлтымыздың биінен өрілген шын өнерінің ай маңдайлы дидарын жарқырата ашты.Осы күнге дейін сахнамыздан өлермендікпен түспей келе жатқан жалған «халық билерінің» бет-пердесін жұлып алды.Қазақтың би өнеріне жаны ашыған болып,шын мәнінде оны мазақ етіп, «түземдіктердің экзотикалық билеріне » айналдырғысы келген қайдағы бір «шеберлердің» жолына тосқауыл қоя алды.Ұлтымыздың нағыз би өнерінің құдіретін Қазақстанның көпұлтты халқы мен ТМД жұртына,барша дүние жүзіне таныта бастады.
Бұл үшін алдымен Шұғыла сынды біртуар перзентін туған еліне шақырып алдырған Елбасымызға, сосын Шұғыла қарындасымыздың өзіне мың да бір алғысымызды айтамыз.
Осыдан біраз бұрын Шұғыла қарындасымыз өнердегі өзінің негізгі қызметіне қоса,Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің жанынан «Шұғыла» би мектебін ашып, 9 бен 12 жастар аралығындағы жас бүлдіршіндерге қазақ және әлем халықтарының билерін үйретіп,қажыр-қайратын аямай жұмсады.Аяулы қарындасымыз қазақтың жаңа Астанасында жүріп сол жылдары халқымыздың жас өрендеріне,бауырлас ұлттар бүлдіршіндеріне үлкен махаббатпен өнерін адал үйретіп,тәлім сіңірді.Естуімізше бұл күнде аяулы бишіміз Алматыда өнердегі өрістерін жалғастыруда.
...Шұғыланың сахнаға алып шыққан «Бөртенің биі» мен «Патша құс» / «Павлин»/ биіне таңданбай,ырғақ пен мәнердің әлемдік би өнеріндегі қазақ қызы орындаған өзгеге еш ұқсамайтын ғажап өрнектеріне тамсанбай қарау мүмкін емес.Олардан шын мәнінде рухани ләззәт аларыңыз,ұлттық өнеріміз үшін өзге бауырлас халықтар алдында мақтанышқа бөленетініңіз анық.