Жойылмайтын бактериялар қайдан шығады?
Бір жеріміз ауыра қалса, көпшілігіміз дəрігерге бармай-ақ, өз-өзімізге нақтама қойып, дəріханадан антибиотик сатып аламыз да өз бетімізше емделе береміз. Алайда бұл өте зиянды əдет. Антибиотиктерді дұрыс қолданбау салдарынан бактериялар мутацияға ұшырайды да олар дəріге төзімді болып алады. Яғни антибиотиктердің əсерінен кейін тірі қалған бактерияларға бұдан əрі ол дəрі мүлде əсер етпейтін болады. Бұны бактериялар əлеміндегі эволюция үдерісі деуге болады: адамдар мутанттарға қарсы тұра алатын дəрілерді ойлап шығарамын дегенше олар күшейіп, дами береді. Сондықтан баспамен ауырғанда ішкен дəріні келесі жолы дəл солай ауырғанда ішіп жазылып кетуіңіз екіталай. Бұл жағдайда сырқат ұзаққа созылып, асқына түседі, өйткені дəрі əсер етпеген бактериялар организмде "ойына келгенін істейді". Бактерияның жаңа түріне қарсы дəрі шықса жақсы ғой, ал олай болмаса ше? Онда адам өміріне қауіп төндіретін зардаптар ұлғая түспек.
Нəтижесінде антибиотиктерге төзімді сырқаттардың көбеюі бүгінде көптеген елдерде үлкен мəселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотиктерге деген төзімділіктің дамуы кең тараған респираторлық сырқаттарды, жыныстық жолмен жұғатын инфекцияларды, т.б. ауруларды емдеуді қиындата түседі деп отыр. Еуропада қазіргі уақытта қолданыста жүрген антибиотиктерге төзімді бактериялардан туындаған жұқпалардан жыл сайын 25 000 адам қаза болады.
Денсаулық журналынан