Ресей интеллигенциясы конгресі: Қадыров отставкаға кетсін
Ресейлік құқыққорғаушылар мен өнер қайраткерлері тобы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты дереу қызметінен босату туралы талап-хатқа қол жинап жатыр. Бұл туралы мәлімдеме Ресей интеллигенциясы конгресі сайтында жарияланды.
Мәлімдеме авторлары Ресейдің «жүйеге енбейтін» оппозиция өкілдерін «сатқын» деп атап, оларды «бүлдіру әрекеті үшін соттау керек» деп мәлімдеген Рамзан Қадыровты сынға алған.
«Федерация субъектісінің атқарушы билігі басшысы тарапынан Ресейдің азаматтық қоғамының бір бөлігіне қауіп-қатер төнуіне моральдық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге құқықтық тұрғыдан мүлде жол берілмеуі тиіс» делінген мәлімдемеде.
Құжатта «бейбіт түрдегі қоғамдық-саяси белсенділік танытқаны үшін ғана сатқындық және бүлдіру әрекетіне байланысты айып тағу – тікелей қоқан-лоқы жасау сипатына ие» екендігі айтылған.
«Рамзан Қадыров Ресей федерациясы заңдарын толық менсінбейтінін осымен бірнеше рет ашық көрсетті. Ол басқаратын Шешен республикасында кез-келген, тіпті ең орынды сын айтқан адам жазаға ұшырайды, және де жаза тек моральдық қысым түрінде ғана емес, сонымен бірге физикалық тұрғыда тікелей зорлық-зомбылық жасау арқылы қолданылады» делінген интеллигенция конгресі мәлімдемесіне ресейлік құқыққорғаушылар Людмила Алексеева, Валерий Борщев, Юрий Вдовин, Светлана Ганнушкина, Игорь Каляпин, Лев Пономарев, режиссер Владимир Мирзоев және жазушы Людмила Улицкая қол қойған.
Дереккөз: azattyq.org