Сөздер сөйлейді. Кішік
Керіш. Бұл сөз "Қозы Көрпеш" жырында:
Ен дария, емшек сүтім кіріш тартар, — деген жолда кездеседі. Сондай-ақ Бұхар жырауда:
Ат тұяғы тимеген,
Ақ кіріш тас суда бар, — деп келеді (кейбір басылымдарда ақ кірпіш тас деп қате жазылып жүр). Кіріш сөзіне "Қозы Көрпеш" жырында "ақ, аппақ" деп біршама дұрыс түсінік берілген. Көне түркі тілінде кіршен сөзі бетке жағатын ақ нәрсе дегенді білдірген. Қазақтың ертеректегі тілінде де кіріш сөзі қолданылған да "ақ" дегеннің синонимі ретінде жұмсалған тәрізді. Оған ақ кіріш тас, ақ сүт — кіріш сүт деген тіркестер дәлел бола алады. Кіріш сөзі "известь", "әк, ақ балшық" мағынасында қазіргі ноғай, түрік тілдерінде де қолданылады. Кирэч сөзі азербайжан тілінде де "гипс, алебастр" деген мағынада жұмсалады. Бұлардың барлығында да тастың, минералдың ақ түсіне қатыстылық бар. Сөз төркініне үңілушілердің бірі Б. Сүлейменова орыс тілінен енді деп жүрген кірпіш сөзінің өзін осы кіріш сөзімен жинастырады. Ал орыс тіліндегі кирпич сөзі бұл тілге түркі тілдерінен енген сөз екені айтылып жүр.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен