Қазақ келіні қандай болу керек?
Жарық дүниеге Жаратқанның бұйрығымен қыз бала болып келген жаратылыс иелерінің барлығы бой жетіп, кезі келгенде оң босағадағы орнын ақ шымылдықтың ар жағындағы жаңа өмірге айырбастауы, солайша бір үйдің, бір әулеттің келіні болуы мүмкін. Бірақ екінің бірі «бүкіл ұлттың келіні» деген абыройлы атаққа қол жеткізе бермейді. Басқа ұлттарды айтпағанда, қазақтай келіннің ақ босаға аттаған күнінен бастап, аяқ алысын сынап, қадамы құтты келінді күтетін халық кемде-кем, тіпті жоқ шығар. Ендеше енелердің пікірін тыңдап көрелік.
Фатима апа:
— Біз — өз қайғымызды өзіміз бөлісетін сабырлы халықпыз. Тіпті, отбасында болған кикілжің, жанжалды да көпке жаймай, сыртқа сыр алдырмаймыз. Іс насырға шапқанда ғана қысыла, қымсына ағайынмен кеңесіп, ақыл сұраймыз. Қазақ әу бастан келін деген атауды киелі санап, ұрпақ жалғастырушы ретінде мақтаныш санаған. Бірақ бүгінде киелі атқа кір келтіріп жүрген келіндеріміз көбейіп барады. Қазіргі келіндерден ертеректегідей ұзын көйлек киюді, басына күні-түні орамал байлауды, үлкен-кішіге келіп сәлем беруді көпшілік талап ете бермейді. Бірақ жас келіннің шығыс елдеріне тән сәнді, ықшам киінгені артық емес-ау деп ойлаймыз. Шолтиған қысқа көйлек киіп, балтыры мен бөксесі жартылай жалаңаштанып тұрғанының немесе толық бөксесіне тыртитып тар шалбар кигенінің, шашы жұлған тауықтай бұрқырап жүргенінің, кірпігі мен көз айналасы қалың бояудан сатпақталып тұрғанының мен мұндалап көзге ұрып тұрғанының несі жөн? Қазақ келіндерінің әдепті, ізетті, салмақты, инабатты болғанын көпшілік қалар еді. Несін жасырамыз, ертеден сақталған, қанға сіңген ата дәстүрлеріміз бірте-бірте көмескіленіп, тіпті кей жерлерде ұмытылып бара жатқанын мойындауымыз керек. Мәселен, үлкен кісінің алдын кеспеу, үйге келген қонақты жылы қабақпен қарсы алу, үлкендерді сыйлап, олардың алдында дауыс көтермеу, қонақтардың көзінше балаларын жекіп, зіркілдеп, ұрып-соқпау, ыдыс-аяқты орынсыз салдыратпау, ата-енесі мен күйеуінің бауырларын сыйлап, оларға құрметпен қарау, ардақтау. Сол ұлттық дәс-түрлерімізді сақтап, оларды қолдап, иіліп сәлем беріп тұрған ізетті жас келіндерді кез-дестіргенде жүрегің жылып, ризашылық сезім оянады. Ондайда оларға: «Рахмет, айналайын! Өркенің өссін. Көп жаса, бақытты бол!» – деген тілек айтып, көргенді келіннің үйінен көңілің әжептеуір марқайып шығады.
Ұлжан апа:
— Мен тоғыз баланы өмірге әкелген бақытты анамын. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда тоғыз келінім, 25 немерем, 5 шөберем бар. Қазақ келіндері инабатты, ибалы, үлкендерді сыйлайтын, енесі мен атасына тіке қарамайтын, адамгершілігі мол адам болуы керек. Өйткені ол келешек ана. Бала іштен бастап қандай тәрбие алса, сондай болады. Жарын сыйлап, кез келген жағдайда «сабыр түбі сары алтын» демекші сабырлықты әрқашан кез келген жерде сақтау керек. Жалпы айтқанда әйел адам ер азаматты адам қылатын да сол, ит қылатын да сол. Қыздың 40 жаны бар деп текке айтылмаған. Ұлттығымыздың тұтастығы, иманымыздың беріктігі, рухымыздың биіктігі тал бесігіміздегі телімнен басталатыны даусыз. Жаһандану дәуірінде жаныізгілікке іңкәр, мінезі көркем болмысынан биязы қазақ қызының бет-бейнесі өзгерді. Әйтсе де әрбір шаңырақтың қатты қонағы ғана емес, ұйытқысы болар қыз баланың қадір-қасиетін ұлықтай білсек, ұлттық дәстүрімізден алыстамағанымыз. Қыз баланы құтты қонаққа балайтынымыздың тағы бір сыры жат жұрттық екенін де болса керек. Басқа ошақтың түтінін түтетіп, босағасын берік ұстауды аманаттайтын аналардың ақылы тындай білгенді адастырмасы анық.
Cондай-ақ, қазақ қызының ең үлкен бақыты — ана болу десек қателеспейміз. Сәлемдегі ең тәтті нәрсе — баланың тілі, ал ең жұмсағы — ананың алақаны. Жарық дүниеге алып келген перзентінің өмірден өз орнын тауып, бақытты ғұмыр кешуі — әрбір ананың ақ тілеуі. Даналық пен даралықты егіз ұғым деп ұлықтасақ, бұл екеуі де ананың ақ пейілімен үндесіп жатыр. Ананың ақ сүтін арда емген қазақтың Абай бастаған біртуар азаматтары осыған дәлел болғандай.
Түймеш апа:
— Үйдің жылуы, тазалығы әйелге байланысты. Қазақ қашан да келінді сынаған. Шаңырақтың табалдырығын оң аяқпен аттаған келіннен пәктікті, тазалықты күтеміз. Қазіргі кейбір жас келіндер өздерін тым еркін ұстайды. Олардың ойынша, «қазақтың салт-дәстүрі ескіліктің сарқыншағы, қазір басқа заман, біреуге біреу тәуелді емес. Сондықтан, әркім өзіне ұнағанын киіп, сыйлағанын ғана сыйлау керек. Егер жаңадан босаға аттаған жас келін дәл осылай ойласа – қателескені. Ол оның халқымыздың салт-дәстүрін сыйламағаны, түйсігінің таяздығы, тіпті, қаттырақ қадап айтсақ, көргенсіздігі, рухани жұтаңдығы, ұлттық тәрбиесінің жоқтығы.
Ендеше, қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана қызын қанша жақсы көрсе де оны тым еркелетпей, шолжаңдатпай, өсе келе ол басқа шаңыраққа келін болып түсіп, түтін түтететінін, ана болып, бала-шаға тәрбиелейтінін ескертіп, отырғаны жөн. Қазіргі күндері күйеуіне үстемдік жасап, оны туған ата-анасынан, жақын туыстарынан «бездіріп» жіберген келіндер де аз емес. Қазақ дәстүрінде ер бала әке-шешесін құрметтеп, ертең қартайғанда оларға пана болуы керек. Ертеңгі күні өзі де ене болатынын, сол кезде «атасына жасағаны алдына келетінін» бүгіннен ойлағандары абзал. Ал соңғы кезде қартайған өз әкесі мен анасын жалғыз қалдырып, қолына әйелінің шешесі мен әкесін кіргізіп алатын ұлдар да кездесе бастады. Бұл деген не? Қайда барамыз? Біз Еуропа дәстүрін қабылдап, оларды өзі-өзімізге өнеге тұтамыз ба? Ойланайық, ағайын. Біз әлемдік деңгейде аз халықпыз. Сондықтан тілімізден, ділімізден, ата дәстүрімізден ауытқымай, ұлт ретінде сақталып қалғанымыз жөн. Біреулерге әуестену, еліту, басқаларға еру – мәңгүрттікке жетелейді.
Қазақ қызына қырық үйден, қала берді, есіктегі күңнен де тыйым салып отырған. Осының барлығы не үшін? Онысын халқымыз «ұл тәрбиелей отырып жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп түсіндіреді. Міне, бір сөзбен-ақ қадап айтқан. Ендеше, қазақта келін болу – тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеу деген сөз.
Автор: Гүлсім МҰРЫНОВА