Сөздер сөйлейді. Кен
Кен. Қазіргі кезде кен сөзін "жер астынан қазып алынатын көмір, алтын сияқты қазбалы заттар қазба" деп ұғамыз, оны ауыспалы мәнде "мол қазына, байлық" дегеннің орайында қолданамыз. Түсіндірме сөздіктері кен сөзінің мағынасын осылайша түсіндіреді. Бұл — кірме сөз, парсы сөзі. Парсы тілінде бұл сөздің: "рудник, копь" және "источник, кладезь" деген мағыналары бар. Қазақ тілінде де күні кешеге дейін бұл сөз "бір нәрсенін жиналған жері, көзі деген ұғымда да қолданылып келгені байқалады. Мысалы, "Қыз Жібек" жырында Шеге ақын туралы: сөйлер сөзге кен еді, — десе, мұнда да кен сөзі руда, рудник, қазба байлықтар туралы емес, тілге шеберліктің көзі, соның қоймасы сияқты болған адам жөнінде айтылып тұр.
Кен сөзінің қазақ тілінде бұған қатысы жоқ және бір мағынасы болған. Ол жөнінде Шоқан еңбектерінен білеміз. Оның айтуынша: "Соленые озеро тоже называлы кен, место, куда брошен взгляд аруахов и аулие". Ғалымның осы айтқанын Алпамыс жырындағы:
Әзіреті Қаратау
Әулиенің кен еді, — деген жолдар әбден дәлелдейді. Мұндағы кен — Әзіреті әулиенің көзі түскен Қаратау (не сондағы ащы көлдердің бірі) деген мәндегі сөз.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен