Келінге өсиет
Сөз айттым келін ұлағат,
Іс жасама бір ағат.
Жас келіннің қимылы,
Біздің елде сыналады.
Сотовыймен сөйлеспе,
Әр бұрышта тұра қап.
Дүние деген алдамшы,
Көз жауын алып тұрады-ақ.
«Тұрды ма екен келін?» деп,
Жүрмесін енең сығалап.
Кетпесін атаң су іздеп,
Ертемен тұрып, фляг ап.
Ерінге шылым шүйіріп,
Зіркілдеп жүрме бұйырып.
Бұрқырап жатпай төсегің,
Ертерек тұрсын жиылып.
Самауыр болсын серігің,
Сотка болмай желігің.
Қадіріңді кетірме,
Мақпалдай болған елігім.
Сериалын түріктің,
Айналайын, ұмытқын.
Сериал көрсең селкілдеп,
Бәрі қалар жұмыстың.
Ертеңінде басталар,
Жұмыс емес, ұрыс күн.
Бәрі қашар үйіңнен,
Дәулет пенен ырыстың.
Ойланып еткен тірлігің,
Бастауы болар бір істің.
Кірпігіңде ақ келін,
Күліп тұрсын күміс күн.
Төркініңе төрлетіп,
Кетпесін ісің кері кетіп.
Жиі барып төркінге,
Қалмасын бастан сый кетіп.
Асықпа кейін барарсың,
Қара домалақтарды сүйретіп.
Күйеуіңе жүрмегін,
Қамырыңды илетіп.
Қазан-ошақ жағына,
Көп бармасын жиілетіп.
Жеңгелерге мазақ боп,
Жарыңның қалар күйі кетіп.
Ер азаматтың абыройын,
Әрдайым көрсет биік етіп.
Үлкендердің алдынан,
Жүрме қалқам, қиып өтіп.
Өсек айтпа көпіріп,
Айналаңды жиын етіп.
Агентке де көп кірме,
Телефонды бұйым етіп.
Қадіріңді кетіріп,
Жағдайды алма қиын етіп.
Осы ұлағатты қабылда,
Ақылыңа түйін етіп.
Аулаңды сыпыр күн сайын,
Жел соғар демде құйын етіп.
Қолбала қылып жарыңды,
Жұмсап жүрме түйіп өтіп.
Қайынсіңіліңді жұмсама,
Қабағыңды түйін етіп.
Сынақты күндер алдыңда,
Алады өмір үйретіп.
Өз орныңды білгейсің,
Ақыл мен ойды түйін етіп.
Мынау гүлзар бағыңды,
Қоныстарсың сонда үйің етіп.
Авторы: Гауһар Қожахметова