Жаңа жыл жақсылықтың нышаны
Жаңа жыл туралы айтар болсақ, сөз де, ой да көп. Бұл күнді бәрі күтеді. Жай ғана күтпейді, ерекше сағынышпен күтеді. Мінеки, әні-міне дегенше қой жылын артқа тастап, мешін жылына аяқ басқалы тұрмыз. Көшелердегі алыстан көз тартатын шыршалар, әдемі безендірулер осының нышаны. Жаңа жыл — тек бір күнді дүркіретіп атап өту деген сөз емес, өткен күннің өкпе-ренішін ұмытып, жаңа жарқын болашаққа үлкен үмітпен қарау.
Жаңа жылға бір сағат уақыт қалғанда керемет сәттер басымыздан өтеді. Сол бір-ақ сағаттың ішінде түрлі қуанышты жағдайға куә болып жүрген шығармыз. Бірі сүйіктісіне сезімін білдірсе, бірі жақындарына қуаныш сыйлайды. Бұның өзі қандай қуаныш. Әсіресе жас бүлдіршіндер мерекені ерекше жақсы көретінін білеміз. Жаңа жылдық шыршаны өз қолымен құру, отшашуды далаға шығып тамашалау олар үшін ұмытылмас шақ. Шыршаны айнала ән шырқау, сәнді көйлектер кию, аяз аталап айқайлап шақыру, оған тақпақ айтып беру балаларға жыл сайынғы дәстүрге айналып кеткен секілді. Бір сөзбен айтқанда жаңа жылдың қызығы бүлдіршіндер үшін осы.
Иә, бұл мерекені де даттаушылар да баршылық. Оны күнделікті өмірде де, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көріп жүрміз. Мейрамды бүкіл ел тойлау деген заң жоқ қой. Әр адам өз еркімен ғана қарсы алады. Сондықтан халықты дүрліктіріп, артық әңгіме айту әбестік деп санаймын.
Өкпе-реніштің бәрі өткен жылмен кетсін деп, жаңа жылда татуласып, бәрін жаңадан бастауға бел буатын жандар да жоқ емес. Қалай айтқанда да бұл күннің басқа күндерден ерекшеленіп тұратыны белгілі. Бұл да өз алдына үлкен қуаныш. Сондықтан жаңа жылға жақсы, жайдары көңіл-күймен, ақ пейіл, ақ ниетпен қадам басайық ағайын! Әр күн қуаныш сыйласын.
Жолдаған: Кәмшат Кенжеғали