Табиғаты өзгеше талант
Ғабең жарықтықтың жөні бөлек жан еді ғой! Көзі тірісінде абыройына әжім, азаматтығына көлеңке түсірмей өмірде де, өнерде де ар тазалығын асқақ тұтады. Сондықтан да өзіндегі ізгі адамгершілік, биік парасатымен нұрланған ұлы талантты келбеті үзеңгілестерінен әрдайым оқшау тұратын. Жалған жайдарылық, жасанды кербездік, күмәнді кемеңгерлік, арзан абырой, татымсыз тәкаппарлық, дәйексіз ділмәрлік, жайдақ жағымпаздық, жаяу жалтақтық, іші есеп сұйық сыпайылықтан о бастан бойын аулақ ұстаған ұстаздық үлгісі мол әз ағаның салқын сабыр, саналы баламдарына жүгінбей жүрген күніміз болмайтын. Кейде қаңқу сөзден қиянат, қайырымнан қағажу көре бастағанымызда төрелікті Ғабеңнен іздеп, пәтуәлі ақылды өз аузынан тыңдап сабамызға түсіп, сабырға келіп қайтатынбыз.
Өнердегі ірі тұлғалардың еліктерлік ерекшелігімен қатар өзіне тән осалдығы болатыны мәлім. Осалдығын өзгешелігім деп танығандардың таразысы жеңілдей, табиғи талантының құнын кемітіп алатын науқасы және бар. Төңірегімдегілерден айбыным асып, мысым басып тұрса, өзгеден гөрі өзімді сыйласа, қоғадай жапырылып тұрса деген мәнсіз мансап құмарлық, көр кеуде, миғұла менмендіктен туындайтын пендешілік пиғылдан атымен ада Ғабеңнің қарапайымдылығы сорлатқанда бойымыздан табыла бермейтін қасиет еді. Көп жылдан бері оқи, көре-біле жүре Ғабеңмен сапарлас болғанда өз бойымыздағы мін-мінезді аңғарып қалу онша қиындыққа түспейтін. Озат өзгені де, өзіндегі өнерді де пір тұтып, пәк ұстаған Ғабеңнің көзге ұрып тұрған кемшілігін байқамаған біздердің көңілімдегі оның ағалық мейірімі мен әділ қазылығы, ұзтаздық үлгісі мен асқақ азаматтығы ұялап қалыпты. Қысқасы, Ғабеңнің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, есепсіз еңбекқорлығы мен өнердегі қатаң талапты алдымен өзіне қоятындығы өнеге ғана емес, өлшем еді.
Ғабең туындыларының өмірлік өзегі – шынайы шындығында жатыр. Жалған бояу, жасанды оқиғалар Ғабеңе жат. Кейіпкерлерінің тілі де қарапайым, әшекей, әлем-жәлемнен аулақ – табиғи. Жағымды-жағымсыз дегендердің де ара-салмағы дәуір, заман шындығынан алшақ кетпейді. Жазушы еш уақытта жек көргенін жерлеп, жақсы көргенін жалаулатып жатпайды. Сөйте тұра оқушы кімнің кім екенін анық таниды. Оның бәрі жазушының талқысынан тумайды, кейіпкердің мінез-құлқынан, іс-әрекетінен өрбіп кетеді.
Ғабең көбіне оқиға қуаламайды, оқиғадан гөрі адам психологиясына ықылас аударады. Кейде жайдары юмор, мәнді мысқыл, кексіз кекесін, зілсіз әжуаның өзімен-ақ портрет бояуларын құлпыртып отырады.
Ғабеңдей сөз зергерінің шығармаларындағы «таныс бейтаныстары» замана куәгерлеріндей талай буынның сырласына айналатынына күмән жоқ. Өйткені, ұлы суреткердің мол мұрасында келер ұрпақтың ата-бабаларының қуаныш-қайғысы, жеңісі-жемісі, зар-мұңы, арман-аңсауы, сыр-сипаты, тірлік-тынысы, ой-өресі, қиял-қанаты жатыр. Демек адам баласының тарихи тәжірбиесінде ондайға оралмайтын ұрпақ болмайды.
Қалтай Мұхамеджановтың естелігінен