Майқы бидің нақыл сөздері

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөз арқылы атадан балаға аты жетіп келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді дана сөздің де, би біткеннің де алғашқысы болса керек. Майқы би айтыпты дейтін, ел есінде сақталып, мақал, нақылға айналып кеткен аталы сөздерден адамгершілік, ар-намыс, ел бірлігін сақтау самалы есіп тұрады. Ондай ойлы, сары алтындай салмақты сөздердің көбісі өз тұсындағы хандарға, би, бектерге, бағыштай айтылғаны да аңғарылады. Сондай нақылдардың ел аузынан хатқа түскені мыналар:

Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.

Би екеу болса, дау төртеу болады.

Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Езге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.

Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.

Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Хан әділ болса,
Халық ынтымақты болады.

Хан – халықтың қазығы,
Қараша – ханның азығы.

Уәзіріне сырын алдырған хан – қақпанға түскен аң.

Хан борышы – жорықта ту көтеру.
Сарбаз борышы – туға еріп жан беру.

Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ.

Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.

Халқыңды билеместен бұрын, өз ордаңды билеп ал.
Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстасаң,
Халық ешқайда қашпайды.

Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын.
Өлім жазасын шешетін халықтың өзі болсын.

Хан қарашасыз болмас,
Дау арашасыз болмас.

Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.