Сауд Арабияда биіктігі бір километрден асатын мұнара салынып

Бүгінгі таңда әлемдегі ең биік мұнара Дубай қаласындағы Бурдж-Халифа ғимараты. Алайда жақын арада ол өзінің бұл атағынан айрылуы әбден мүмкін. Себебі Сауд Арабияның архитекторлары мен инженерлері Бурдж аль Мамляка (Kingdom Tower) деп аталатын жаңа ғимарат салып жатыр.

2018 жылы аяқталатын зәулім мұнараның биіктігі 1000 метрден де биік болады деп жоспарланып отыр. Kingdom Tower бүкіл құрылыс тарихындағы биіктігі бір километрден асатын тұңғыш ғимарат болмақ.

Өткен аптада Сауд Арабия үкіметі Джидда қаласы инфроқұрылымының дамуына және жаңа ғимараттың құрылысына қосымша 2,2 миллиард доллар бөлінгенін мәлімдеген болатын. Бұл мұнараның бас архитекторы қазіргі ең үлкен ғимарат саналатын Бурдж-Халифа құрылысының жетекшісі Эдриан Смитт, ал оның көмекшісі Гордон Гилл. Бүгінде ғимараттың 26 қабаты салынып біткен. Оған 1,23 миллиард доллар қаржы жұмсалған. 200 қабатты құрайын деп отырған бұл ғимаратта кеңселер, жаттығу залдары, түрлі қонақ үй болады.

Оның терезесінен Қызыл теңізге керемет көрініс көрінеді. Айта кетейік, мұнара теңіздің жағалауында орналасқандықтан қатты жел соғуы мүмкін. Сол себепті ғимараттың іргетасы 110 метрді құрайды. Бұл ғимарат туралы толығырақ білгіңіз келсе, төмендегі видеопрезентацияны тамашалаңыздар.