Сөздер сөйлейді. Сызу
Бұл сөздің мағынасын қазіргі қолданысымызда "сызық түсіру, сызық салу", яғни орысша "чертить" деп қана ұғамыз. Ал жырларда бұл сөз "жазу" мағынасында қолданылады:
Мінезіңнен таба алмадым бұзығыңды,
Қаламменен хат таныған сызығыңды (Қарабек).
"Қобыланды" жырында:
Іс тағдырға сызылды, — десе, мұндағы тағдырға сызылды тіркесі тағдырда солай жазылды деген мәнде. Қазақ сөздерінің ертелі-кешті сыр-сипатын өте жақсы білетін ғалым академик Ә. Марғұлан сызу сөзінің "жазу" мағынасын тап басып, Шоқан жазбаларындағы "Манас" жырының қырғызша, тексін қазақша аударғанда орынды пайдаланған. Мысалы:
Алақандай ақ қағаз,
Хат сыздырып, ала кел ("Көкетайдың ертегісі").
Сыз сөзі — түркі-монғолға ортақ сөз. Якут тілінде суруй — "жазу" деген сөз, чувашша "жазу, сызу" дегенді сыр дейді. Монғол тілінде "сызу, сурет салу" деген мағынада зура сөзі бар. Осы күнгі сурет деген есім сөздің де түбірі — осы сур (сыр). Ал сыр сөзінің өзге түркі тілдеріндегі фонетикалық варианты сыз (суз). Түркі тілдерінің көпшілігінде з дыбысымен келетін кейбір сөздер чуваш тілінде р-мен айтылатындығы — тіл ғылымында белгілі құбылыс. Мысалы, егіз сөзі чувашша йекер болып келеді, қазақша "қамырды жаз" деген мағынада чуваш тілінде сар сөзі келеді, өгіз-өкүр, аз-ар сөздерінің қатарында сыз-сыр сөздері де тұрады. Демек, сыз сөзінің о бастағы бір мағынасы "жазу" болған (алғашқы түркі жазуларының өзі тасқа қашап, яғни сызып жазу болғандықтан, бәлкім "жазу" ұғымы сызу сөзімен айтылған болар). Қайткенде де сызу сөзінің "сызу" мен қатар "жазу" мағынасы қазақ тілінде де күні кешеге дейін қолданылып келгенін ауыз әдебиетінің үлгілері тілінен көреміз. Келе-келе "жазу-сызу" болып плеонастық құбылыс (бір мағынадағы екі сөздің қосарланып айтылуы) жасап, бір ұғымда бір сөз ретінде қолданылғаны да байқалады. Бұл күнде екі сөз екі түрлі мағынаны білдіретін болып қалыптасқан.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен