Ерте дәуірдегі эстетикалық түсінік

Эстетикалық тәжірибе адам баласына өте ерте замандардан тән болды, оның алғашқы көрінісі архаикалық адамның протоэстетикалық практикасынан көрінеді. Яғни олардың өз тұрмысын әрлендіру үшін жасаған, қазіргі кезде біз өнер саласына жатқызатын феномендер оның алғашқы көрінісі болып табылады. Кейінірек эстетикалық тәжірибе мен эстетикалық сана өнерде, күнделікті өмірде тығыз байланыста көрініс береді. Ертедегі Үндістанда, Қытайда, Грекияда мазмұнында эстетикалық мәселелер теориялық деңгейде көтерілген өнер туралы трактаттар мен философиялық мәтіндер пайда болды. Ғарыштың (космостың) хаостан пайда болу тұжырымдамасы («космос» сөзі ежелгі грек тілінде ғарыштан басқа «әшекей», «сұлулық», «тәртіп» деген мағыналарға ие), әсемдікті, үйлесімдікті, тәртіпті, ритмді, өнердегі ұқсастықты санадан өткізуге және сипаттауға ұмтылыс шын мәнінде эстетикалық сананың алғашқы рефлексиясы, эстетиканың ғылым ретінде пайда болуының алғашқы қадамы болып табылады. Яғни, эстетиканың ғылым ретіндегі қалыптасуы өз бастауын осы ежелгі дүниедегі идеялардан алады әрі қазіргі эстетиканың терминологиялық базасын ежелгі грек тілінің сөздері құрайды.
Тарихи тұрғыда эстетиканың орталық мәселесі ретінде екі проблема қойылды: а) әсемдік, әдемілік терминдері арқылы ашылатын эстетикалықтың өзі; ә) кең мағынасында өнер. Өнер және әсемдік философиясы ретіндегі эстетика – антикалық дәуірден бастау алатын классикалық эстетиканың дәстүрлі бейнесі. Ежелгі грек философтары (Платон, Аристотель, Плотин, т.б.) мен әртүрлі әнер теоретиктері еңбектерінде әдемілік мәселесі (оның үйлесімділік, тәртіп, ритм, симметрия т.б. құрылымдық принциптеріндегі) тиісінше онтологиялық сферада шешіліп, космологиямен байланысты қарастырылды.
Орта ғасырларда эстетика, эстетикалық қабылдау дінмен тығыз байланыста қарастырылса, жаңа заманда оған философиялық тұрғыда сыни баға беріледі.
Эстетикалықты қалыптастыру «эстетикалық тәжірибе», «эстетикалық сана», «эстетикалық құндылықтар мен идеялар» және «эстетикалық тәрбие» ұғымдарымен тығыз байланысты.
Қазіргі педагогика ғылымында эстетикалық тәрбиенің алдына қойылатын мақсаттардың бірқатарын жеке бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, бұл әсемдікті сезінуді тәрбиелеудің мақсатты бағытталған процесі. Екіншіден, бұл өмірдегі және өнердегі әдемілікті көре және қабылдай білу, бағалай алу қабілеттерін қалыптастыру. Үшіншіден, эстетикалық тәрбиенің мақсаты – көркемдік талғамды қалыптастыру. Төртіншіден, өзіндік шығармашылыққа және әсемдікті өзі жасауға қабілеттілікті дамыту. Эстетикалық тәрбиенің мәнін өзінше түсіну оның мақсаттарын анықтаудың тұрғыларын таңдауға әсер етеді. Сондықтан эстетикалық тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін анықтау ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Ең бастысы – тұлғаның іс-әрекетте жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін қабілеттерін дамытып қана қоймай, эстетикалық құндылықтардың жасаушысы болуына, олардың және қоршаған ортаның әдемілігін сезіне білуге тәрбиелеу. Адамның болмыс пен өнерге эстетикалық қатынасын қалыптастырумен қатар эстетикалық тәрбие олардың жан-жақты дамуынан да әсер етеді. Ол адамның адамгершілігін қалыптастыруға жағдай жасайды, оның ойлауы мен қабылдауын, ұйымдастырылуын, тәртіптілігін, ерік-жігерін сомдайды.