Мақал-мәтелдер

Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады. Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады. Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз.
Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше. Бұл хрестоматияда берілген мақал-мәтелдер бірнеше тақырыптарға бөлініп, жүйелі түзілген.
Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғы сөздерде, жалпы халық ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес. Бұл кезеңдерде М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында» , С.Сейфуллиннің «Таңдамалы шығармалар» жинағында мақал-мәтелдер қазақ халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретіне аталып, топтап мысалдар келтірілген.
Мұнда Сәкен Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы ретінде қарастырған.
М.Әуезов 1940 жылдардың басында «Қазақ халқының эпосы және фольклоры» атты зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне көңіл бөлген. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» басылған Б.Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады (Алматы, 1948). Кеңес дәуіріндегі мақал-мәтелдерді жинау, жариялау жұмысы, әсіресе 50-жылдары әбден қанат жая бастады. Мақал-мәтел осыған дейін, көбінесе республикалық газеттер бетінде ғана жарияланып келсе, енді «Қызыл ту», «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы», «Есіл правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты облыстық газеттерде де жиі жарияланып, жарық көре бастаған.
Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға М.Жаманбалиновтың, Қ.Баянбайдың, Е.Елубаевтың, С.Қалиевтің, Е.Ерботинның, Б.Кірісбаевтың, т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады. Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да емес, сау да емес», «ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде: «Ағайынның азары блоса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған.
Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. «Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдердің мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім, өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып білімін байытқан бала ғана өмірден өз орнын алып, даналық сөздеріміз мақал-мәтелдерден өнеге алмақ.