Повесть жанры

Повесть — эпикалық проза жанрының бір түрі. Повесть туралы түсінік әдебиет тарихында жиі өзгеріп, оны романның құрамдас бөлігі ретінде тану біраз уақыт орын алды. Еуропа әдебиетте Повестьті новелла деп те атай береді. В.Г. Белинский Повестьті “романның шашыраңқы бөліктері” немесе “романның бір тарауы” деп атаса, бір кездерде оған романмен байланыстыра түсінік беру дағдыға айналды. Кейін жанр ретінде толық қалыптаса қоймаса да, очерк сипатындағы әңгімелер негізінде (19 ғасырда) “әдет-ғұрыптың жеңіл очеркін қамтитын”, “адам мен қоғамды әжуа-сықақ ететін пішін” деген тұжырым белең алды.
Қазір проза жанрының жан-жақты дамыған тұсында Повесть туралы біршама тұрақталған ұғым қалыптасты. Повесть әңгіме мен романның аралығындағы прозалық жанрға жатады. Көлемі мен мазмұны тұрғысынан осылай бағаланғанымен, кейде көлемі романнан ауқымды Повестьтер дa кездеседі. Мысалы, көп романдардан көлемді “Клим Сам¬гиннің өмірін” А.М. Горький Повесть деп атаған. Повестьтің көлемі емес, көтерген жүгі мен арқау еткен мәселесінің aуқымы шағын келіп, романнан кіші жанр екендігін, ал эпизодтары мен өмір иірімдеріне бойлай енуі тарапынан әңгімеден күрделірек жанр екенін дәлелдейді. Оқиғаны жан-жақты суреттеу, философия түйін жасау, қат-қабат тартыстар сияқты романда кездесетін кең тынысты тәсілдер Повестьте бола бермейді. Повестьке оқиға тізбегін баяндау, хроник. әңгімелеу тәсілі тән. А.Байтұрсынов эпикалық текті әуезе деп алып, оның түрлерін ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), ұсақ әңгіме деп береді. Повесть туралы “ұлы әңгімеден өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады” дейді. Байтұрсынов осы негізде М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамалын” романға емес, ұзақ әңгімеге, сондай-ақ М.Әуезовтің “Оқыған азамат” әңгімесін Повесть үлгісіне жақын келеді деп қорытады. Ж.Аймауытовтың “Күнекейдің жазығы”, Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман”, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне”, “Ұлпан”, Ш.Айтматовтың “Жәмилә”, “Құс жолы”, т.б. Повестьтері үздік көркем туындылар.
49. Реализм (лат. relіs — заттылық, шындық) — әдебиет пен өнерде өмір құбылыстарын шынайы қалпында, нақтылық белгілерін сақтай отырып, жинақтап бейнелейтін көркемдік әдіс. Реализм әдісі өмір құбылыстарын, маңызды қоғамдық мәселелерді, күнделікті тұрмыстағы сан алуан жайттарды мейлінше кең қамтып, әлеум. қайшылықтарды, адам бейнесін терең ашып көрсетуді мақсат тұтады. Реализмнің өмір шындығын бейнелеудегі әдісі, стильдік формасы алуан түрлі. Романтизм әдісі көбіне сирек кездесетін ерекше жағдайларға көңіл аударса, Реализм айналадағы нақтылы өмір құбылыстарын толық көрсетуді қажет етеді. Реализм болмыстың ең маңызды сипатын сұрыптап, көркем образ арқылы бейнелейді, өмір шындығын анық кескіндейтін образдар жүйесін жасайды. Реализм өмірде үнемі кездесетін
нақтылы жағдайларды, адамның іс-әрекеттерін бейнелеуді басты міндет санайды, дегенмен оған алға ұмтылушылық, алыс арманға, асқақ қиялға бойұрушылық мүлде жат деп түсіну дұрыс емес. Алайда реалистік әдістің негізгі ерекшелігі — өмірдегі типтік жағдайларды кеңінен қамтып, қай құбылыстың болсын даралық белгілерін де, жинақталған көптеген құбылыстарға ортақ сипаттарын да нанымды суреттеп, нағыз типтік дәрежедегі көркем образдар, бейнелі тұлғалар жасау. Бейнелеу өнерінде сыншыл Реализм 18 ғ-дан байқалды. Суретшілер шығармндағы қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігіне үңілу, жекелеген мінезге көңіл аудару, қоғамдағы кертартпа салт-сананы келемеждеу (Францияда Ж.Б. Шарден, Ж.Б. Грез; Англияда У.Хогарт; Германияда Д.Н. Ходовецкий) ағартушылық идеяларының шартына бағындырылды. Реализм әдістерін қалыптастыруда Ф.Гойя шығарм. ерекше орын алды. Ол өз еңбектерінде төңіректі қоршаған дүниенің жанды поэзиясын қалай ашса, әлеум. қайшылықты аяусыз талдауда соншалықты батыл қадам жасады. 18 ғ. мен 19 ғ-дың алғашқы бөлігінде, романтизмнің қалыптасу кезінде бейнелеу өнері (портрет, тұрмыстық жанр мен табиғат көрінісі саласында) Реализмге бет бұрды. Францияда Т.Жерико мен Э.Делакруа өмірдің нақтылы көрінісін бейнелеуге ден қойып, оның шытырман оқиғаға толы тынысын суреттеді. Осы бағыттың әсерінен өз заманының өткір мәселелеріне тереңірек үңілген О.Домьенің шығарм. қалыптасты, Ресейде 19 ғ-дың 1-жартысында Реализм тенденциясы О.А. Кипренскийдің портреттерінен, А.Г. Венециановтың шаруалар тұрмысы тақырыбына жазылған картиналарынан, С.Ф. Щедриннің пейзаждарынан айқын көрінді. К.П. Брюллов шығарм. арқылы қанаты қатайған Реализм принциптері өмірдегі шынайы көріністерді терең филос. тұжырыммен ұштастыра білген А.И. Ивановтың, әсіресе, “кішкентай жандардың” өмірін жырлайтын П.А. Федотовтың шығармаларының арқауына айналды. Реализмнің алғашқы нышандарын ауыз әдебиеті мен көне жазбалардан да табуға болады. Оның айрықша белең алған кезеңі — қайта өркендеу дәуірі (15 -17 ғ-лар). Реализм белгілері М.Сервантес, У.Шекспир шығармаларынан айқын көрінді, 18 ғ-да Англияда (Д.Дефо, С.Ричардсон), Францияда (Д.Дидро, Ж.Ж. Руссо, Германияда (И.В. Гете) реалистік романдар жарыққа шықты. 19 ғ-дың 30-жылдарында бой көрсеткен сыншыл Реализм бурж. қоғам өмірін жан-жақты қамтып көрсетуді мақсат етті. Батыста У.Теккерей, Р.Флобер, Дж.Элиот, Ресейде Л.Н. Толстой,М.Ф. Достоевский, А.П. Чехов Реализмнің дамуына зор үлес қосты. Реалистік әдіс орыс әдебиетінде Пушкин шығарм. арқылы биік дәрежеге көтерілді. Пушкиннің “Евгений Онегин”, “Капитан қызы” романдары, көптеген лирик. өлеңдері осы әдістің орыс әдебиетінде берік орын алуына мүмкіндік туғызды. Реализм әдісі одан әрі И.А. Гончаров, И.С. Тургенев шығармаларында кеңінен орын алған. Қазақ әдебиетінде Реализм әдісі Абай мен Махамбет Өтемісұлы поэзиясы негізінде жоғары сатыға көтерілді. Шернияз Жарылқасынұлы, Алмажан Азаматқызы, Сүйінбай, Жамбыл ақындармен қатар, Абайға жалғас шыққан қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Ш.Іұдайбердіұлы, С.Торайғыров, М.Дулатов, М.Сералин, С.Көбеев, т.б. қаламгерлер Реализм әдісін өркендетіп, дамыта түсті.