Көркем деталь
Деталь - көркем шығармада белгілі бір мағыналық, идеялық-эмоциялық жүк көтеріп тұрған көркемдегіш құрал. Ол бірер сопы сөз, сурет-деректеме арқылы берілуі мүмкін. Детальда аз ғана сөз суретке айналып, оқырманды әсерлі сезімге белейді, шындықтық ой-қырын ашады, яғни шындыққа жанасымды келеді. Мысалы, эпопеяда келіні Қамқа қайтыс болған күйеуінің түсіне кіргенін айтып толқығанды, атасы Қодар: «Түс шіркін жұбаныш па, тәңір-ай» деп қысқа қайырады. Бірақ бұл жай ғана айтылған сөз емес, қыр елінің қатыгез тұрмысынан хабар бөретін деталь Мұның соңы Қамқа мен Қодардың ажалымен бітеді («Қайтқанда»).
Сөз өнеріндегі сұлу нәрсе- қайталанбайтын нәрсе. Суреттіліктің сұлулығы да суреттің сонылығында, жаңалығында жатар болар. Мұндай сұлулыққа деталь арқылы жету керек. Әдебиеттегі деталь- жазушының сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда азғана сөз айқын суретке айналады да, ұшан-теңіз шындықты танытады, көл-көсір мағынаға ие болады. Шынын айтқанда көркем шығарма атаулының бәрі детальдан құралады. Детальсыз жалпы әдеби туынды болуы мүмкін емес. Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы» атты әңгімесіндегі шілденің суреті- «Жалпақ жаз. Сай-салада сағым ойнаған саршаның тамызы. Саясыз жайлаудың жан-жануары көлге тығылып қана сая табады. Күннің көзінің өзі де күн ұзын көлге шомылып жанын сақтайтындай. ...» демек, шебер қолдан сұлу құрастырылған детальдар шығармадағы бүкіл ұлттық бояуды да әскм танытып тұр. Міне, деталь дегеніңіз. Детальдың басты бағалығы дәлдігінде. Дәлдік- шындыққа жанасымдылық..
Мысал келтіре кетсек: «Аулына келген кісіге баласынан бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті еді». Бір-ақ сөйлем. Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың қашаннан келе жатқан парықсыз, дарылдақ, даңғаза мінезі сиыа кеткен. Бұл мінезді түрліше деректермен дәлелдеп, он үш бетке шұбата созуға да болар еді, бірақ Нүрпейісов олай етпей, он үш сөзбен тұжырған да, нақты ұғымды затты детальға айналдырған.