Көркем тіл табиғаты
Әдебиетті оқытушы, зерттеушілер үшін де көркем тілдердің жасалу, даму жолдарын, ерекшеліктерін терең түсініп, жақсы білуі керек. Сайып келгенде, әдебиеттің көптеген теориялық мәселелері - жазушылардың көркем тілді қандай дәрежеде біліп, қалай меңгерулеріне тіреледі. Өйткені көркем әдебиеттің негізгі құралы - тіл. Жазушылар адам образын да, көркем сюжетті де, жеке адамға тән мінезді де, күйініш-сүйінішті де, табиғаттың әдемі көріністерін де көркем тіл арқылы жасайды. Тілсіз көркем шығарма жоқ. Тілге мән бермеу не оны білмеушілік әдебиеттің даму процесіне де көп кеселдік келтіруі мүмкін. «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Жақсыны жаманнан, асылды жасықтан айыру үшін әдебиетші, сыншылар көркем тілді өздері жақсы біліп, толық меңгеруі - басты шарттардың бірі. Өзі жақсы білмей тұрып, біреуге білім үйретуге болмайды. Міне, осы айтылғандардың бәрі де көркем тілді кең зерттеп, терең түсінуімізді қажет етеді. Жазушы халықтың бай тілін шетінен алып пайдалана бермейді. Солардың ішінен ең керектілерін талғап, таңдап, сұрыптап алады. Өзінің ой-сезімін оқушыларына жеңіл, өткір етіп жеткізе алатын жайнақы сөздерді таңдайды. Қандай өмір құбылысын суреттемек, қандай әдеби мінез жасамақ, олар қандай орта, қандай әлеуметтік топтың өкілі - бұл жайт - жазушылардың сөз таңдау ісінде шешуші мәселенің бірі. Жазушылардың қойын книжкасында жазылған сан түрлі сөздердің болуы да осыны дәлелдейді. Образ - тип белгілі бір ортаның өкілі болғандықтан, ол өз ортасына тек іс-әрекетімен ғана емес, өзінің тілімен де, сөйлеу ерекшелігімен де тән болуы керек. Онсыз ол жекеленіп, ерекше көзге түсе алмайды. Сондықтан жазушылар өзінің келешектегі қаһармандарының әрқайсысына лайықты сөздерді тере жүріп, өзінің шығармасында пайдалану арқылы типтік ерекшеліктер жасайды.
Жазушылар жалпы бай тілден ең керектілерін таңдап ала білумен қатар, әр сөздің мәніне және олардың сөйлемдегі алатын орнына да зор көңіл бөледі. Әр сөздің сөйлемде таңдаулы, талғаулы орны болады. Төселген, шебер жазушы еш уақытта олардың орнын шатастырмайды. Қай сөз, қандай жерде қолданылуы керектігін олар дәл сезінеді. Бұл мәселені синоним, омонимдермен байланысты тұжырымды түрде түсіндіруге болады.
Тілдегі айтылуы, түрі басқа болса да, мағынасы бір-біріне жақын сөздерді синоним, қазақша мәндес сөздер дейді. Мысалы: рақым, қайыр, жақсылық; іс, қызмет, жұмыс, қимыл, амал, әрекет; ұрысу, қағысу, төбелесу, шабысу, айқасу, шайқасу, жандасу; жалқау, аяншақ, жан аяғыш, кержалқау т.б. Бұлардың бір-біріне мағыналары жақын, бірақ аз да болса, мәндері жағынан өзгешеліктері бар. Сондықтан мәндес сөздердің ішінен өзіне ең керектілерін таңдап алады.