Әдебиеттегі компаративизм бағыты
Әдебиеттегі компаративизм бағыты (салыстыру, салыстырмалы) – әдебиеттану ғылымында орын алған салыстырмалы тарихи әдіс. Ком. әр түрлі халықтардың әдебиетіндегі ұқсастық, жақындықты көре білуге назар аударып, идеяларды, образдарды, характерлерді, сюжеттерді салыстырады. Түрлі халықтардың әдебиетін өзара байланыста дей келіп, әлемдік әдебиет арнасындағы құбылысқа балайды. Әдебиетті басқа халықтардың әдебиетімен салыстыра зерттеу сөзсіз қажет және пайдалы, дегенмен көркем шығарманы – сюжет пен характердің әр түрлі ортада тарихи кезеңде қайталанып отыруы деп қана есептейтін компаративистер пікірі қисынға келмейді. Әр түрлі дәуірлер мен халықтар әдебиетінің құбылыстарын өзара ұқсас қайталаулар деп санаушылық та көркем шығарманың танымдық мәнін жете бағаламауға әкеліп соғады.
Ком. – салыстырмалы әдебиеттанудың жеке әдеби фактілерді ұлттық тарихи контекстен, дүниетану жүйесінен, жазушы стиліне бөліп алып қарайтын бастапқы кезеңі. Ком-нің осал жері – ұқсас сюжет, оқиға, характерлерді схема түрінде қарап, нақтылы тарихи жағдайды, әдебиеттің ұлттық, халықтық сипатына толық ескеру жағына мән бермейді. Компаративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап, форма мәселесіне, сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Тарихи салыстыру мектебі яғни компартивизм ағымының Россияда туын көтерген адамдар-А.Веселовский мен В.Миллерлер.