Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық
Дәстүр мен жаңашылдық кең мағынасында филисофиялық ұғым.
Халықтың ежелден өмір жолында, тырбанған тіршілігінде, шытырмен тағдыр талқысында тірнектеп жиған қазынасы – арман-мұраты, салт-санасы, сенім-сезігі, түсінік-түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады. Мазмұн қазақтың тіл байлығынан өзіне лайық түр тауып, көркем сөз өнерінің поэтикасын тізді. Сөйтіп, қазақ халқының көп ғасыр бірге жасасып келген көркем сөз өнері Абай заманына жеткенде, атақты шығыс зерттеушісі ғалымдардан жоғары бағасын алған өзінше ұлан-асыр көркем дүние еді. Абайдың «Біреудің кісісі өлсе қаралы - ол» деген атақты өлеңін оның поэзия мұрасынан деген көзқарасының айнасы дей аламыз. Қазақтың тұрмыс-салт жырларын, тақпақ, мақал-мәтел, шешендік сөздерін тізіп келіп, ақын:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансайшы, бос қақпай елең-селең,-
деп өлең өнерінің құнын көтеріп берді. Бірақ Абай ондағы не бардың бәрін бірдей талғамай қабылдай берген жоқ және қабылдағаннның деңгейінде қалып қойған жоқ. Қайта соның бәрін жіті сын көзінен өткеріп, пайда-зиянын айыра білді, шірігі, шикісі болса, міні кемшілігі болса көре білді. Аталмыш өлеңдегі мына бір шумақ соның айғағы.:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бір – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау.
Бір жағынан қазақ өлеңдерінің өмірде кең тарап, керемет қызмет атқарғанына сүйсінсе, екінші жағынан, әлгі өзі көрген «кемшілігі» дарынды ақынды поэзияның жаңа биігіне меңзеген сияқты. Бұл мақсатта Абайдың асқар талантының үстіне оған бағыт сілтеп, талабына дем берген, тірек болған күш не дегенде М.Әуезов анықтаған үш әдеби дәстүрді айтар едік: ол – қазақтың төл әдебиеті, Шығыстың және Батыстың төл әдебиеті, әсіресе ұлы орыс әдебиеті. Арман биігіне көтерілген Абай творчествосын зерттеген кісі осы үш арна дәстүрдің сара ізін анық байқаған. Сонымен бірге осынау жосылған дәстүр іздерінің қандай жаңа биікке ұласқанын көреді. Ұл Абайдың өзі арман еткен, кәдеуілгі «ер данасының қиыннан қиыстырар», «өлең сөздің патшасы», «сөз сарасы», екен, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» екен, арман биігін аңсап қана қоймай, оған тегеурінді талантымен шарықтап шығу - Абай поэзиясының жаңашылдық қасиетін танытқаны сөзсіз. Қат-қабат дәстүр қазынасынан асылын аршып ала білу және оны жарқын идеяның игілігіне жұмсап, творчестволық іске асыра алу – Абай даналығының, Абай жаңашылдығының Пушкинге ұқсас үлгісі мен өрнегі десе болады.
Ал енді, Абай үлгісі мен өрнегінің одан кейінгі поэзия үшін таптырмас дәстүр болып қалғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Абайдың ізін басып шыққан С.Торайғыров, С,Дөнентаев, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Асқар, Ғабит, Ғабидин, Тайыр, Әбділдә, кейінгі бүкіл қазақ совет ақындары Абайды ұстаз тұтып, тәлім алды. Абай творчествасының жаңашылдық табыстарының енді күллі қазақ әдебиетінің баға жетпес байырғы дәстүріне айналды.
Жаңашылдық жақсы нәтижесін ең алғаш қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаған «алыптар тобының» творчествосынан көргенбіз. Сәкен мен Ілиястың, Иса мен Сәбиттің поэзиясы, Бейімбет пен Мұхтардың, Ғабит пен Ғабиденнің прозасы мен драматургиясы – соның кепілі.