Әдебиеттану және тарих

Әдебиеттану өзімен-өзі тұйықталып қалған ғылым емес. Ол өзге ғылымдардың жетістіктерімен тығыз байланыста дамиды. Әдебиеттануға тарих, психология, әлеуметтану жалпы гуманитарлық бағыты жағынан ұқсас болып келеді.
Әдебиеттану – көркем әдебиетті, көркем әдебиеттің түп-төркінін, мән маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым. Тарқата айтар болсақ, әдебиеттану – көркем әдебиетті, оның пайда болуы мен әлеуметтік байланыстарын, сөздік-бейнелік ойлау ерекшеліктерін; көркем шығармашылықтың табиғаты мен қызметін; әдеби үрдістің жалпыға және нақты бір аймаққа тән заңдылықтарын алуан қырынан қарастыратын ғылым. Әдебиет пен тарихтың байланыстылығы сол әдебиеттің шығу, даму тарихын қарастырумен тікелей қатысы бар. Бұл әдебиеттің әдебиет тарихы атты саласынан байқалады, яғни, әдебиет тарихы - әдебиеттану ғылымындағы көркемсөз өнерінің даму жолын әлемдік немесе белгілі бір халықтық деңгейдегі идеялық бағыт-бағдарларды, әдеби ағым-бағыттарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық-саяси құрылысымен тығыз байланыста танып білуге бағытталған басты сала. Әдебиет тарихы әдеби даму үрдісін қарастыру арқылы әр алуан әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды. Бір уақытта қатар өмір сүріп, шығармашылықпен шұғылданған қаламгерлер шығармалары сол тұстағы әдебиеттің бет-бейнесін белгілейді. Осыған орай әдебиет тарихының алдында тұрған міндеттердің бірі – шығармашылық қабілеті де, жазу машығы да, дүниетаным деңгейі де әр текті қаламгерлердің өзара шығармашылық қарым-қатынасын саралау болып табылады. Әдебиет тарихының өзге ғылымдармен байланысына назар аударсақ, ол – тарих ғылымымен, оның ішінде жалпы адамзат қоғамының даму тарихымен, өнер мен мәдениет тарихымен тығыз ұштасып жататын пән. Бұл орайда ол әдебиеттің өзіндік қасиеттерін, қайталанбас дара болмысын ескере отырып, тарих ғылымының заңдылықтарын шығармашылықпен қолданды. Шын мәніндегі әдебиет тарихы әдебиет дамуының ішкі заңдылықтарымен қоғамның, халықтың, адамзаттың тарихи дамуындағы ортақ заңдылықтарды бірдей есепке ала отырып жасалады.