Натурализм
Натурализм ( латынша natura – табиғат ). Бұл ағымды басында Золя ұсынды; оның «Экспериментальдық роман», «Театрдағы натурализм» тәрізді теориялық толғамдарында өмір құбылыстарына ешқандай идеялық баға бермей, қаз-қалпында суреттеуді талап еткен творчестволық принциптер бар. Алайда Золяның өзі іс жүзінде бұл «принциптерін» ұстана алмады да, ағым әр түрлі кертартпа қаламгерлердің экспериментіне айналып кетті. Демек, натурализмді, біріншіден, орыс әдебиетіндегі «натуральдық мектеппен» шатастыруға болмайтын болса, екіншіден, оның ағым ретіндегі табиғатын тереңірек тану қажет. Натурализм – бәрінен бұрын, әдебиет пен өнердегі принципсіздік; эстетикалық талғамның жоқтығы; ақиқат шындыққа енжар бейтараптық. Сондықтан әдебиеттегі натурализм де – философиядағы буржуазиялық позитивизм секілді лайсаң ағым. Натурализм өмірде ірі мақсаттар да, асыл мұраттар да жоқ, тіршілік ұсақ-түйектен ғана тұрады деген кертартпа ұғымға негізделген. Мұның өзі, сайып келгенде, адамдарды жаңа үшін ескімен күрестен оқшау әкетіп, «буржуазиялық барға» қанағат етуге шақыру. Өмір құбылыстарының тұрмыстық қырларын өзгертпей дәл суреттеу, өмір шындығын натуралистік ұстанымдар арқылы игеруде сыншылдық тұрғыдан іріктеу, типтендіру, идеялық баға беруден сырт тұру, адам болмысына әлеуметтік талдаудан гөрі биологиялық тұрғыдан үңілу, тұрмыстың нақты ұсақ детальдарына маңыз беру, өлі заттардың да өзіндік мағынасы бар деп білушілік, яғни фитишизм, фаталистік идеяларға мән беру – натурализмнің ең негізгі деген идеялық-көркемдік қырлары.
ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы қазақ прозасында натурализмнің әдеби ағым ретіндегі белгілері айқын көрініп отырды. Натурализм бастан аяқ үстемдік алып кетпесе де, прозамыздағы реализмнің дамуының заңды бір сатысы ретінде, тіпті реализм ағымы ретінде өмір сүрді. Көркем ойлаудың натуралистік үлгісі ұлттық прозамызда Б. Майлиннің шағын жанрдағы туындылары арқылы өрістегенін айтуымыз керек.
Б. Майлин прозасындағы натуралистік тенденциялар халық ауыз әдебиетіндегі және ХХ ғасыр басындағы романтикалық дәстүрдің антитезасы түрінде көрініс берді. Өмір шындығын оның барлық детальдарымен бірге бейнелеуге деген ұмтылыс әдебиеттегі субъективизмге қарсы реакция болды деуге келеді. Сонымен бірге классик-жазушы натуралистік морализмнен де қашық тұрған жоқ. Ол өркениеттік үдерістер әлі бүлдіріп үлгермеген табиғи таза қасиеттер мен мінездерді танытуды мақсат етті. Өркениеттік көріністерді қабылдамау, қала тірлігінен рухани-табиғи аурасы бұзылмаған ауылға, аралға, орманға қашу, өндірістің механикалық күштері адамның табиғи қасиеттерін тұншықтырады деп есептеу натурализм ағымының адамгершілік концепциясына сәйкес еді. Қазақ прозасының буыны бекіп, қанаты қатая бастаған шағында натуралистік ағымның әдеби-эстетикалық принциптері көлемді жанрлардың құрылымынан да байқалып отырды. Оның мысалы – Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі мен С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы. Басқа да жазушылардың бейнелеу тәсілдерінде аракідік натуралистік тенденциялар ұшырасып отырғанымен, олар белгілі бір контекстік шеңберден аса қойған жоқ. Ал бұл туындыларда натурализм поэтикасының ерекшеліктері толық танылды деп айтуға негіздер мол.
«Күнікейдің жазығы» повесінде Ж. Аймауытов Күнікейдің образын әйел нәсілінің инстиктивті-биологиялық шындықтары негізінде алып қарайды. Күнікейдің әрекеттеріне санадан тыс туа бастаған биологиялық түйсіктерді ашу арқылы психологиялық дәйектеме жасайды. Қаламгер кейіпкерінің физиологиялық қалпын, адам табиғатына тән интуитивті сезімдердің оянуын мәтін астарына салмай натуралистік нақышта ұсынады. Жазушы Күнікейдің ішкі әлеміндегі өзгерістер мен терең ағыстарды әдебиетімізде сомдалған Жамал, Ғайша, Қамарлар сияқты еріксіз өксіген өмірлерімен, қайғы-шерлерімен сабақтастырмайды. Мұнда жан-жақты көрініс тапқан жеке тұлғалардың қақтығысы емес, адам темпераменттерінің тайталасы басты орынға шығады.
Натурализм ағымының әдеби-эстетикалық шарттары анағұрлым айқын көрінетін шығармалардың бірі – С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы. Натуралистер өздеріне дейін бейнелеу нысаны бола қоймаған әлеуметтік қабаттың өкілдерін: жұмысшылар, қылмыскерлер т.б. беймәлім тыныс-тіршілігі мен тұрмысын көрсетуге бейім тұрғаны – дүниежүзілік әдебиет тарихынан белгілі жай. Олар тұңғыш рет қала өмірінің қараңғы кварталдарын, жоқшылықтың күйін шерткен жер кепелерді, кедейлік тұрмыстың жағдайын романтикалық тұрғыда емес, реалды тұрғыда бейнелеуді мақсат етті. Бұл – натуралистердің әдебиетке әкеліп қосқан жаңашылдықтары болып есептеледі. Сол тәрізді, С. Ерубаев та қыр баласы үшін жаңа кәсіп – шахтерлердің күнделікті тұрмысының детальдарына көңіл аударған алғашқы қаламгерлердің бірі. Натуралистер әдебиетке жаңа өмірлік материалдарды, жаңа тұрпатты қаһармандарды әкелді. Олардың баяндау тәсілдеріндегі құжаттық нақтылыққа деген ұмтылыс, дәл детальдарға деген қызығушылық, этнографиялық мәліметтерге иек артушылық, образдар типологиясына биологизм тұрғысынан үңілу сынды ерекшеліктер реалистік әдебиеттің ауқымын кеңейтуге септеспесе, кеміткен жоқ. Натуралистік тенденциялар С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Қ. Әбдіқадыров, С. Омаров т.б. қаламгерлердің жекелеген шығармаларында да кездесіп жатты.