Трагедияық пафос

Трагедияық пафос Трагедия (грекше tragoidia – текнің әні) – құдіретті күш иесі, ғаламат қайсар, ақиық ер де өр тұлғалардың жаратылыстағы, жалпы өмір тіршіліктегі адам жеңіп болмас асыңқы, асқақ кедергілермен кескілесіне, оның жан дүниесіне терең тебіреністерге, өзімен−өзінің іштей арпалыстарына құрылған күрделі сахнаналық шығарма. Трагедиядағы оқиғалар әдетте қатерлі, қайғылы халден туындап тұтасады да, бас қаһарманның қазасымен – мұңмен, зармен – бітіп отырады.
«Трагедия – поэзияның шыңы, ─ Илья Сельвинский. Сөз өнерінің барлық түріне трагедия тигізетін құдіретті ықпал бағзы заманнан бері әмбеге аян. Бүкіл оркестордың бар екпінін өз уысына ұстап тұратын контрабастың байыпты философиясы секілді трагедия пафосы да әдебиет дәрежесін ұлы дәуірдің иығына көтеріп тұрады». Осы пікірде үлкен шындық бар.
Трагедия ежелгі Эллада елінде, адам баласының сәби санасы іңір қараңғысындай Миф тұтқынына тұрған тұста, көне гректерге көктем сайын жүзім мен шарап шаттығын сыйға тартатын теке тұрпатты Дионис құдайдың құдіретіне бас ию сауығы мен салтанатынан туғаны белгілі. мұндай сайранды ұйымдастырушы топ хор боп қосыла жамырап, Дионис туралы аңыз – трагедия (трагос ─ теке, одэ ─ ән), яки текенің әнін орындайтын болған. Келе-келе текенің әнін орындаушылар түсін бояп кәдімгі теке түрінде киініп, қимыл-қозғалыстары арқылы қалың жұртқа текенің азабы мен ажалын көрсеткен. Одан жұрт үрейленген, өлген текені аяған. Трагедия дүниеге о баста осылай келген. Кейін бұл шын мәніндегі театр өнеріне айналған.
Дүниежүзлік драматургияда трагедияның тұңғыш классикалық үлгілерін көне грецияның ұлы драматугтері Эсхил ( б.з.б. 525-456жж.), Софокл( б.з.б. 496-406жж.), Эврипид (б.з.б.480-406жж.) туғызған. Бүгінгі өмір сүргіш қауымда, айталық, «трагедия атасы» Эсхилдің «Бұғауланған Прометейі» мен «Парсыларын» немесе «Орестея» трилогиясын, Софоклдың «Эдип патшасы» мен «Антигонасын», Эврипидтің «Медеясы» мен «Электрасын» білмейтіндер кем де кем шығар. Сайып келгенде осылардың бәрінің пафосы ─ адамға тән сана мен сезімнің күшін, адамның ұлылығы мен рухани сұлулығын дәріптеу.
Батыс Европа мәдениетінде трагедия Ренессанс дәуірінде дамыды: Англияда Марло мен Шекспир, Францияда Корнель мен Расин, Германияда Гете мен Шиллер туғызған кең тынысты эпикалық сипаттағы ұлы шығармаларда адамға тән керемет құштарлықтар мен өшпенділіктерге толы трагедиялық образдардың небір тамаша типтері бар. Пушкиннің «Борис Годуновы» мен «Шағын трагедияларынан» да бүтін бір образдар галереясын жасап алуға болар еді. Ал, И. Сельвинскийдің «Командарм 2» мен Вс. Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы» ─ бұл жанрдың орыс совет әдебиетіндегі, М.Әуезовтың «Еңлік ─ Кебегі» мен «Қаракөзі», Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» мен «Ақан Сері –Ақтотысы» - қазіргі қазақ әдебиет үлгілері.