Тіл дамуының лингвистикалық және экстралингвистикалық фактор
Экстралингвистикалық фокторлардың ішіндегі бастысы – қоғам, қоғамдық құрылыс. Қоғамның дамуы тілдің дамуына әсер етеді. Өйткені тілдің тағдыры сол тілде сөйлейтін халықтың тағдырымен тығыз байланысты. Ал халықтың тағдыры қоғамның дамуына тәуелді.
Тілдің даму жолында екі түрлі процесс болады. Оның біріншісі – біртұтас тілдің өз ішінен ыдырап, жеке диалектілерге, тілдерге бөлшектену процесі. Тіл тіл біліміде – бөліну(дифференциялану) деп аталады. Екіншісі – жеке диалектілердің, тілдердің бір-бірімен жақындасу, бірігу процесі. Бұл –бірігу (интеграциялану) деп аталады. Тілдердің дамуында болатын, мұндай бөліне (ажырасу) процесі де, бірігу (қосылу) процесі де қоғамға тікелей байланысты. Қоғамның бөлшектенуі тілдің де бөлшектенуіне әкеп соғады. Болмаса керісінше: әр түрлі тілде сөйлейтін қауымдардың бірігуі олардың тілдерінің де бірігуін туғызады.
Тілдік өзгерістерге себепші болатын сыртқы мәнбілердің ең күштісі – қоғамдық прогресс. Егер қоғам экономикасы, техникасы, ғылыми жағынан күшті дамыса, мәдени өзгерістер мен жаңалықтар көп болса, ондай қоғамдағы халықың тілі де жақсы дамиды. Оған дәлел ретінде көпшілік халықтардың тілінде соңғы ғасырларда пайда болған телефон, телеграф, радио, теледидар, компьютер, пойыз деген сияқты сөздерді келтірсек те болады.
Тіл дамуына себепші болатын сыртқы мәнбілердің тағы бір елеулі түрі – тілдердің бір-бірімен байланысы, қарым-қатынасы. Бір-бірімен дұрыс қатынаста, байланыста болған тілдер, бірінде жоқ сөзді бірінен алып, байып отырады.
Тілдің өзгеруіне, дамуына тигізетін лингвистикалық факторлардың да тигізетін әсері аз болмайды. Оның сыртқы мәнбілерден негізгі айырмашылығы – егер сыртқы мәнбілер қоғамда, белгілі бір тарихи кезеңге тәуелді болса, ішкі мәнбілер барлық уақытты бірдей және үздіксіз әсер етеді.
Тілде болатын өзгерістердің (дамудың) көпшілігі ішкі мәнбілерден болады. Яғни өзгеріс тілдің өзіндік ішкі даму заңы бойынша іске асады.
Ол заңдар мыналар:
1)Айтуды жеңілдетудің заңы. Бұл заң бойынша сөйлеуші әрқашан тілдік элементтердің айтуға жеңіл болуын, сөйлеу мүшелеріне күш түсірмеуін көздейді. Мұны көбінесе тілдердің дыбыстық құрылымындағы құбылыстардан, орфография мен орфоэпия арасындағы ерекшеліктерден байқауға болады. Мысалы, қазақ тілінде екі дауысты дыбысты қатар айту қиын. Соны жеңілдету үшін сөйлеу процесінде қатар тұрған екі дауысты дыбыстың біреуі түсіріліп айтылады. Мысалы: Сарыарқа – Сарарқа; келе алмады – келалмады, т.б. Сол сияқты, қазақ тілі үшін сөз басында екі н үш дауыссыз дыбыстарды шоғырландырып айту қиын. Мұндай жағдайда олардың арасына не басына қысаң дауыстылардың бірін қосып айтушылық бар. Станция – ыстансия – ыстаса, трактор – тырақтыр – тірәктір, т.б. Тіл-тілде кездесетін алуан түрлі үндесулер (сингармонизм) де осындай қиындықтарды жеңлдетуден туған құбылыстар.
2)Кез келген тілде өзіндік тілдік элементтерін жалпыдан (абстракциялап) қолдану заңы бар. Бұл заң бойынша, бір кездердегі толық мағыналы сөздер келе-келе грамматикалық морфемаларға, шылау сөздерге айналып кетеді. Мысалы, бара тұрған – баратын, келе тұрған – келетін, т.б.
3)Тіл дамуына тағы бір заңдылық – бөліну (дифференциялану) заңы деп аталады. Бұл заң бойынша, бір сөз бірнеше сөзге сараланады. Мысалы, хукумат: өкімет (власть), үкімет (правительство); ғилм: ғылым, ілім, білім, т.б.
4)Тідік элементтерді үнемдеп немесе ықшамдап қолдану заңы. Бұл заң бойынша тілдегі күрделі элементтер ықшамдалып, қолдануға ыңғайлы, пайдалануға жеңіл болады. Мысалы, аюдың ақ дәрісі (рапонтикум) ˃ аюдың дәрісі ˃аю дәрісі˃аюдәрі немесе ақдәрі; тәуелсіз мемлекеттер достастығы ˃ ТМД; бара+мын ˃ барам т.б.
5)Басы артық элементтерді қолданбау заңы. Мысалы, тіліміздегі «Жомарт адам жоқтығын білдірмес, жүйрік ат тоқтығын білдірмес» деген мақал қолдануда «жомарт жоқтығын, жүйрік тоқтығын білдірмес» деп қысқартылып алынады. Бқлар онсызда түсінікті басы артық элементтерді қолданбау мақсатында туған құбылыстар.
6)Тілдердің дамуына ұқсастық (аналогия) заңының да әсері елеулі. Бұл заң бойынша, тілде бұрыннан бар құбылысқа ұқсастырылып, екінші бір тілдік элементтер туады. Мысалы, тілімізде бар жатақ, тұрақ сөздеріне ұқсастырылып, кейінгі кезеңдерде – ұшақ сөзінің, сәлемдеме сөзіне ұқсасырылып – аялдама сөзінің, аларман сөзіне ұқсастырылып – көрермен сөздерінің тууы, міне, осы заңның нәтижесі.
Қысқасы, тіл – дамып отыратын құбылыс. Заан өткен сайын оның фонетика, лексика, грамматика деп аталатын қабаттарының бәрі де өзгеріске ұшырап, дамып отырады.