Жалпы синтаксис және оның тілді сипаттау теориясында алатын

Синтаксистің негізгі қарастыратын мәселелері: сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөз тіркесі мен сөйлемдегі сөздердің байланысу амалдары мен формалары.
Сөз тіркесі сөздердің бір-бірімен тіркесіп қолданылуынан пайда болады. Сөз тіркесі жасалу үшін, оның кұрамындағы сөздер мағыналық және грамматикалық жағынан байланысты айтылуы шарт. Бір - бірімен байланысты десек, ол байланыс екі түрлі болады. Бірі – мағыналық жағынан, екіншісі - грамматикалық жағынан байланысты болады. Мағыналық жағынан байланыс деп - сөздердің сөз табы ретіндегі жалпы категориялық мағынасын, ал грамматикалық жағынан байланыс деп - бір сөздің басқа бір сөзге грамматикалық жағынан бағыныштылығын айтамыз. Сөз тіркесіндегі басты рольді оның басыңқы сыңары атқарады. Басыңқы сөздің қай сөз табынан болуының үлкен мәні бар. Өйткені сөз тіркесінің құрылымы оның құрамындағы ұйтқы сөздің қай сөз табына қатысты болуына қарай айқыңдалады. Мәселен, басыңқы сөз зат есім болса, ол өзінің алдында тұрған анықтауыш сөздермен, яғни сын есім, сан есім, есімдік, есімшелермен тіркеседі. Мысалы: ақылды адам, бес кітап, бұл бала, барар жол, т.б.
Сонымен, сөз тіркесін құрастырушы сөздер бір-бірімен синтаксистік байланысқа түседі екен. Ол синтаксистік байланыстың тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олар: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
Киысу деп — басыңқы сөз бен бағыныңқы сөздің бір-бірімен жекелік-көптік жағынан, септік жағынан, род жағынан байланысуын айтамыз. Мысалы: орыс тілінде высокая гора - высокие горы, высокой горы — высоких гор. Немесе: он играл — она играла.
Матасу - ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысуы. Мысалы: ме+нің қалам+ым, сіз+дің қалам+ыңыз, о+ның қаламы. Мұнда бағыныңқы сөз ілік септік жалғауында тұрып, анықтауыш қызметін атқарады да, басыңқы сөз тәуелдік жалғауында тұрады. Әрине, бірі - ілік жалғауында, екіншісі - тәуелдік жалғауында тұрғаннан кейін бұлардың екі сыңары да есім сөз болатындығы өзінен-өзі түсінікті.
Меңгеру - сөз тіркесі құрамындағы басыңқы сөз (етістік) бағыныңқы сөздің (зат есімнің) атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұруын керек ететін байланыс. Мысалы: киім+ді тазалау, ауыл+ға бару, үй+ден шығу, жолдасы+мен кездесу.
Қабысу - сөз тіркесі кұрамындағы бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен жалғаусыз, қатар тұру арқылы байланысу. Мысалы: ағаш үй, ақ орамал, он дәптер, білген кісі, барлық адам (Бағыныңқы-басыңқы сыңарлардың қай сөз таптарынан екеңдіктеріне көңіл аударыңыздар).
Сөз тіркестерінің жалғаусыз байланысуының тағы бір түрі бар. Оны жанасу деп атайды. Егер қабыса байланысқан сөз тіркесінің басыңқы сыңары зат есім болса (мысалы: үй, орамал, дәптер, кісі, адам), жанаса байланыскан сөз тіркесінің басыңқы сыңары — етістік болады. Мысалы: кеше келу, жапалақтап жауу, қатты сүйсіну, екі жеу, сылқ-сылқ күлу.
Жанасудың кабысудан тағы бір ерекшелігі - қабысу тек қатар тұру арқылы байланысса, жанасу қатар тұрып та, алшақ түрып та байланыса береді. Мәселен, малшылар жайлаудан кеше келді дегеңді малшылар кеше жайлаудан келді, кеше малшылар жайлаудан келді деп, "кеше" сөзінің сөйлемдегі орнын ортасына, басына ауыстырсақ та, кеше келу деген сөз тіркесінің байланысы бұзылмайды.
Сөйлем – ең басты тілдік бірліктердің бірі. Ол – коммуникативтік қызметі бар синтаксистік бірлік. Мұндағы коммуникативтік деген сөз - "бір нәрсе жайында хабар беру" дегенді білдіреді.
Сөйлем дегеніміз — кұрылымдык үлгісі бар синтаксистік бірлік. Ол бірдеме жайында хабарлайды, коммуникативтік қызмет атқарады. Осы түрғыдан қарағанда тілімізде кездесетін Қап! Бәрекелді! Жақсы. Амо! Немене? Кеш жарық! Рахмет! Жок,- Бар.Иә. Ей, жігіттер! - деген сияқты айтылыстар (высказывание) сөйлем бола алмайды.
Сөйлем мен сөз тіркесінің айырмашылығы бар. Мысалы, жер жыртты деген мен жер жырту дегенді салыстырып көрелік. Мұның біріншісі – сөйлем, екіншісі – сөз тіркесі. Сөйлем – бірдеме жайында хабар береді. Ал сөз тіркесі - бір нәрсені атайды. Бұл сөйлем - коммуникативтік (қарым-қатынастық) қызмет, ал сөз тіркесі— номинативтік (атауыштық) қызмет атқарады деген сөз.
Сөйлемге тән белгілердің бірі - интонация. Өйткені кез келген сөйлем белгілі бір интонациямен айтылады. Сондықтан да, сөйлем сөз бен сөз тіркесінен құрылымдық үлгісі жағынан ғана емес, интонациясы жағынан да ажыратылады.
Беретін хабардың мақсатына және құрылымына қарай сөйлемдер екі топқа бөлінеді. Оның бірі — хабарлы сөйлемдер екіншісі — сұраулы сөйлемдер.
Хабарлы сөйлем бір нәрсені хабарлау үшін жұмсалып, хабарлау интонациясымен айтылады. Мысалы: Балалар Алматыдан шықты Ал сұраулы сөйлем бірдеме жайында хабар алу үшін жұмсалып, сұрау интонациясымен айтылады немесе сұрау есімдіктері (кім? не?) мен сұраулық демеуліктердің (ма/ме) бірі енгізілу арқылы жасалынады, Мысалы: Кімдер Алматыдан шықты? Балалар қайдан шықты? Немесе: Балалар Алматыдан шықты ма?
Хабарлы сөйлем де, сұраулы сөйлем де интонациялық тәсілдер арқылы лепті сөйлемге айналуы мүмкін.
Мұндайда лепті сөйлем эмоциялы-экспрессивті қасиетке ие болады да, адамның көңіл кұйіне байланысты жайларды, мысалы, қуану, шаттану, шошу, күдіктену, еркелету т.б. білдіреді. Ол үшін сөйлемде арнаулы модаль сөздер мен одағай сөздер де пайдаланылады. Мысалы: Бәрекелді (айналайындар-ай), балалар Алматыдан шығыпты ғой (шықты дей ме?)!
Сөйлемдер өзін құрастырушы сыңарлардың (компоненттердің) сипатына қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлем болып екі топка бөлінеді. Жай сөйлем 2-3 сөз тіркестерінен жасалса, құрмалас сөйлем екі не үш жай сөйлемнен жасалады.
Құрмалас сөйлем сыңарларының арасындағы байланыс салалас байланыс және сабақтас байланыс түрінде болуы мүмкін. Осыған орай құрмалас сейлемдер 1) салалас құрмалас сөйлем, 2) сабақтас құрмалас сөйлем және 3) аралас құрмалас сөйлем болып, үш топка бөлінеді.
Салалас құрмалас сөйлем деп - құрастырушы сыңарлары байланысқан сөйлемді айтамыз. Сабақтас құрмалас сөйлем — құрамындағы сыңарларының бірі екіншісіне бағына байланысқан сөйлемді айтамыз. Ал аралас кұрмалас сөйлем деп - құрмаластың құрамындағы үш (не төрт) сөйлемнің бірі екіншісімен , ал екіншісі үшіншісімен сабақтаса байланысқан кұрмалас сөйлемді айтамыз.