Тілдің негізгі қабаттары мен әр деңгейдің бірліктерін мысалд
Тіл - белгілі бір құрылымы және жүйесі бар біртұтас құбылыс. Құрылым деп әр тектес элементтердің Тіл деген тұтастық шектігіндегі бірлігін айтамыз. Тілдің құрылымдық элементтері: фонема, морфема, сөз, сөйлем, мәтін, дискурс. Тіл құрылымындағы элементтердің өзара айырмашылығы сандық емес, осы элементтер қызметтерінің әртүрлілігіне байланысты сапалық ерекшелік болып табылады. Аталған құрылымдық элементтердің қызметтері: тілдің материалдық таңбалары ретінде анықталатын дыбыстар перцептивтік (қабылдау объектісі болу) және сигнификативтік (тілдің мәнді элементтерін ажырату қабілетінің болуы) қызметтерін атқарады. Дыбыс пен мағынаның бірлігінен тұратын түбір морфемалар заттық, ал қосымша –жұрнақтар таңбаның мәнісін, ал жалғаулар қатынас мәнісін білдіреді, морфемалардың ұғымдарды білдіру қызметі семасиологиялық деп аталады. Сөздер номинативтік, ал сөйлемдер коммуникативтік және экспрессивтік қызметтер атқарады. Тілдік құрылым қабаттарының өз жүйелері бар, себебі әр қабаттың элементтері жүйенің мүшесі ретінде қызмет атқарады. Жүйе – бұл біртектес өзара байланысты элементтердің бірлігі, қатынасы. Тілдік құрылымның жекелеген қабаттарының жүйесі бір-бірімен ықпалдасып, сол тілдің жалпы жүйесін түзеді. Тілдік жүйенің мынандай белгілері бар: 1. Тіл жүйесінің элементтері өздерінің екіншілік – шарттылық қызметін атқарады; 2. Тіл - үнемі дамып, өзгеріп отыратын динамикалық жүйе. 3. Тіл жүйесі жүйешенің жиынтығы. Өйткені тіл бірліктері біртекті емес. 4. Тіл жүйесі – ашық жүйе. Бұл жүйеге жаңа элементтеренуі, ал көнерген элементтердің бұл жүйеден шығып қалуы мүмкін. 5. Тіл жүйесінде алдыңғы элементтерге қарап, кейінгі элементтердің орын тәртібін анықтау мүмкін емес.