Паралингвистика. Қарым-қатынастың бейвербалды құралдарын мы

Паралингвистика (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы. Сонымен, паралингвистика – ”тіл – тілдік қатынастың вербалды емес белгілерін” зерттейді. Паралингвистикалық тәсілдердің үш түрі бар.
Олар 1) кинетикалық, яғни, қимыл, поза, бет қимылы; 2) фонациялық, яғни дыбыстық (тембр, темп, дауыстау, кідіріс, әуен, диалектілік айтылу ерекшеліктері); 3) графикалық (әріптерді жазу – почерк, символдар және т.б.). Сөйлемдегі сөзге қатысты паралингвистика құралдары үш түрлі қызмет атқарады: қосымша хабар жеткізеді, сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге қолданылады. Паралингвистика термині 1940ж. бастап қолданылады (А. Хилл енгізген). Қарым-қатынастың бейвербалды құралдары өте көп қолданылады.
Ернін тістелеу – бұл да ұялуды білдіретін кинесикалық амалдың бір түрі. Бұл ым-ишаратты көбіне әйелдер қарым-қатынасында кездестіруге болады. Әйелдер күнделікті тұрмыста ұятты сөз естігенде, біреудің алдында өзін кінәлі сезініп ұялғанда ернін тістелейді. Тілі күрмелу просодикалық амалы ұялу эмоциясына мысал бола алады. Ұялу кезінде дауыс жай және жұмсағырақ шығады. Аталған бейвербалды амалдарға сипаттама бере келе, нақты мысалдар арқылы да дәлелдеп өтелік. Мысалы, Мәрия кідіріп тұра қалды.
–    Бірдеме айтайын дедің бе?
–    Айтайын деп едім.
–    Айта ғой. Раушан айта алмай күрмеліп, төмен қарады.
Бетін шымшу – ұялу. Масқара, ұят-ай!, бетім-ай! деген вербалды амалдардың ым түрінде берілуі. Көптен не шықпайды, өзара күбірлесіп, кейбіреулері бетін шымшып, өзімен-өзі болып отырғандары да бар.
Адам қимылсыз, эмоциясыз сөйлей алмайды, яғни қарым-қатынасқа түсе алмайды. Әйтеуір, әңгімені қоштауда немесе таңғалу, қуану, ұялу т.б. қатысты бір ым-ишараның түрін қолданатындығы белгілі. Ым-ишарасыз сөздің мағынасы мен мәні жоқ болып тұратындай көрінеді. Себебі бейвербалды амалдар қарым-қатынастағы сөйленіске қосымша мағына үстеп, айтар ойдың маңыздылығы мен нақтылығын арттырып тұрады.