И.И.Мещаниновтың тілдердің синтаксистік кезеңдік құрылымы ту
И.И. Мещанинов (1883-1967) алғаш рет 1929 жылы лингвист – теоретик ретінде бет бұра бастайды, ол жүйесі әр түрлі тілдердің грамматикалық формаларын салыстырмалы-типологиялық сипаттауды зерттеумен айналысты. Мещаниновтың лингвистикалық концепциялары «Новое учение о языке. Стадиальная типология» (1936), «Общее языкознание. К проблеме стадиальности в развитии слова и предложения» (1940), «Члены предложения и части речи», «Глагол», т.б. еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Ол тек ғылыми қызметпен айналыспай, сонымен қатар ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарды да атқарған: Н.Я.Марр атындағы тіл және ойлау институтының директоры болды.
Мещанинов Маррдың глоттогониялық процесс бірлігі туралы идеясын қабылдап, оны дамытты және синтаксистік кезеңдік құрылым теориясын құрды. Мещаниновтың пікірі бойынша, тілдер өз дамуында сөйлемдегі бастауыштың грамматикалық орналасуына байланысты үш синтаксистік кезеңнен өтеді:пассив, эргатив және актив. Ол ойлаудың дамуы,проблемалары мен оның тілдік сөйленістердегі құралдарға байланысты синтаксистік негізгі категорияларын әр түрлі типті тілдерде зерттеуді ұсынады.
Пассив кезеңге инкорпоратив тілдер (америка үндістері тілдері, чукот тілі), яғни сөздер мен сөйлемдерді ажыратпайтын тілдер жатады. Мысалы, чукот тілінде Ты-тор-тан-пылвынты-пойгы-пэляркин деген бір сөйлем, мағынасы: Мен өзімнің жаңа соғылған жақсы металл жебемді қалдырамын. Сөздер мен сөз тіркестері аффикстер арқылы жасалады, бірақ ондай агглютинацияның ара жігін ажырату қиын. Бұл кезеңнің өзіндік ерекшелігі-заттар мен құбылыстардың бірігуіне әкелетін ұжымдыққабылдау, - дейді И.Мещанинов. Мұндай жағдайда логикалық субъект пен объект сөйлемге сіңісіп кетеді және пассив болады, себебі адам санасы өзіне мифологиялық субъект ойлап табады. Пассив кезеңде етістік (тілдің негізгі категориясы) іс-әрекеттің ауысу,ауыспаулығын білмейді, ал сөздік кешен біртұтас жүйе құрап, өз құрамына әр түрлі бөлшектерді енгізіп алады.
Келесі кезең – эргативті кезең. Эргативті кезеңнің синтаксистік негізі - эргативті құрылым. Бұл конструкция иберий-кавказ, баск және Азия,Америка халықтарының тілдеріне тән. Іс-әрекет субъектісі – ерекше, эргативті септікте, ал объект атау септігінде тұрады. Мысалы, Человек приобрел дом деген сөйлемде дом атау септігінде тұрса, человек эргативті септікте тұр.
Синтаксистік дамудың соңғы кезеңі - актив кезең, мұнда жетекші синтаксистік белгі – бастауыштың жекеше түріндегі атау септігі, яғни етістіктің ауысу,ауыспауына тәуелді емес. Актив кезеңге тән номинативті конструкция үндіевропа, орал-алтай, семит-хамит тілдерінде кездеседі.