Лингвистикалық типологияны ғылыми пән ретінде сипаттаңыз.

Тіл біліміндегі теориялық зерттеулердің анықтаулары бойынша кез келген тілдік жүйенің екі жағы бар: 1) әрбір тіл – құрылым, ол фонема, морфема, сөз, сөйлем, абзац, мәтін сияқты түрлі өлшемдегі, түрлі қызметтегі әр түрлі тілдік элементтердің жиынтығынан тұрады; 2) әр тіл – жүйе, тілдік құрылымның жекелеген қабаттарының элементтері өзара байланыста, парадигматикалық және синтагматикалық қатынаста табылады. Осы тілдік құрылымдардағы жекелеген қабаттар элементтері арасындағы байланыстар мен қатынастар тұрғысынан тілдердің өзара айырмашылықтары шығып жатады.Дүние жүзі тілдеріндегі жоғарыда аталғандай ең кең таралған және жалпы ұқсас құбылыстар, сондай-ақ туыстастық я ареалдық факторлар тұрғысынан түсіндіруге келмейтін ұқсас тілдік құбылыстар адам мен оның тілдік табиғатының бірлігі тұрғысынан түсіндіріледі. Мұндай ұқсастықтар типологиялық ұқсастықтар деп аталады. Тіл білімінде кең қолданыстағы әдістердің бірі – типологиялық әдіс.
Типологиялық немесе морфологиялық классификациялық әдістің дамуы ХІХ ғ. басталады. Типологиялық әдістің өзіндік ерекшелігі әлем тілдерін, тілдік құрылымдарды генетикалық қатысына қарамастан, ұқсастығы мен айырмашылығы тұрғысынан өзара салыстыра зерттейді де, типтерге топтастырады.
Дүние жүзі тілдерінің барлығына тән тілдік заңдылықтар абсолюттік әмбебаптар деп, ал тілдердің барлығына емес, көпшілік бөлігіне тән типологиялық ұқсастықтар статистикалық әмбебаптар деп аталады. Ғалымдардың көрсетуінше, типологиялық ұқсастықтың ең қарапайым және барлығынан да тез анықталатын түрі – бұл типологиялық заңдылық. Типологиялық заңдылық деп тілдердің тілдік қатынасына негізделмеген, сондай-ақ туыстас болып табылмайтын бірқатар тілдерде, ең болмағанда екі тілде байқалатын ұқсастықтарды айтады. В. Д. Аракин (Типология языков и проблема методического прогнозирования. – М., 1989) бірқатар тілдерде (литва, швед, жапон, қытай) екпіннің тоникалық (музыкалды) болып келуі, тағы да кейбір тілдерде анықталғандық және анықталмағандық артикльдерінің болуы (араб, ағылшын, түркі), кейбір тілдер сөйлемдерінде сөздердің орнының тұрақты я жылжымалы болуы, кейбір тілдерде есімдердің тек категориясына, жанды-жансызға жіктелуі, кейбір тілдерде дифтонгтардың, ал бір тілдерге аффрикаттардың тән болуын, енді бір тілдерде құрал-жабдықтар аттарының жан-жануар атауларының ауыспалы мағынасынан жасалу жайын (жучок – жасырын тыңдаушы құрылғы, гусеница – танк, мышь – компьютер жабдығы тс.с.) типологиялық заңдылықтар ретінде анықтайды. Типологиялық ұқсастықтардың келесі бір түрі – фреквенталий (лат. freguens – жиі). Фреквенталиий деп әлем тілдерінде абсолюттік әмбебаптарға қарағанда аз мөлшерде, ал типологиялық заңдылықтарға қарағанда жиі кездесетін типологиялық ұқсастықтар аталады. Осы тұрғыдан қарағанда типологиялық ұқсастықтар арасындағы айырмашылықтар олардың градуалдық сипатымен байланысты болып табылады. Бұл әдіс тұрғысынан алғанда әлемнің барлық тілдері синхрондық, ішкі құрылымдық, генерализациялық, әмбебаптық аспектілерде қарастырылады. Типологиялық зерттеулер негізінен салғастырмалы және классификациялық әдістемелерді басшылыққа алады. Тілдерді салғастырмалы зерттеу формалды-логикалық талаптар үрдісіндегі келесі тұрғыдан жүзеге асады: жіктемелік (классификациялық), характерологиялық, белгі ерекшеліктері, ішкі жүйелік, контрастивтік, әмбебаптық. Тілдік семьялар генеалогиялық, тілдік одақтар ареалдық және тілдер кластары морфологиялық жіктемелер тұрғысында анықталды.
Алуан түрлілігімен ерекшеленетін әлем тілдері морфологиялық жіктемелерде грамматикалық мағыналарды білдіру тәсілдері, сыртқы құрылымдық ерекшеліктері бойынша төрт типологиялық класс төңірегінде-ақ анықталады: флективті, агглютинативті, даралаушы, полисинтетикалық типтер. Тіл көпқабатты құрылым болып табылатындықтан, оны зерттеудің қиындықтары жекелеген тілдік құбылыстар мен тіл қабаттары типологиясының жасалуына түрткі болды. Фонетикалық типология, лексикалық типология, синтаксистік типология т.б. осы үрдістен көрінеді. Мысалы, фонетикалық типологияда славян тілдерін олардың фонетикалық жүйелеріндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың арақатынасы негізінде жіктесе, морфологиялық ерекшеліктеріне қарай жіктеу категориясы жақсы дамыған, ал септеуі әлсіз вербалды тілдер (роман, герман тілдері) және септеуі жақсы дамыған, жіктігі әлсіз бейвербалды тілдер (орыс тілі) түрінде бөледі. Прага функционалдық лингвистикалық мектебінің жетекшісі В. Матезиус тарапынан талданылған сөзжасам типологиясы бар» (А. Т. Хроленко, В. Д. Бондалетов, 2004). Тип термині грек тілінде – образ, үлгі, модель, түр, бір нәрсенің формасы дегенді білдіреді. Демек тип сөзі өзара байланысты белгілердің тұрақты жиынтығы негізінде танылатын бір нәрсенің формасы, үлгісі. Ал лингвистикалық типологиядағы тип термині грамматикалық мағынаны білдіру тәсілдері мен тілдің морфологиялық құрылымы тұрғысындағы белгілердің кейбір жиынтығы болып табылады