Психолингвистиканы ғылыми пән ретінде сипаттаңыз.

Психолингвистика – психология мен лингвистиканың аралығындағы ғылым саласы; ”адам - тіл” қатынастарын (адамның зейінін, жігерін, ниетін т.б.) зерттейді, яғни сөйлеу үрдістерін зерттейтін ғылым. Ол сөйлеу үрдісін, оның мазмұны, коммуникативті рөлі, сөздің ойға қатысы тұрғысынан зерттейді. Осы бағыттың негізін салушы неміс ғалымы Г. Штейнталь (1823-1899) тілді жеке адаммен қатар, этнос психологиясының көрінісі ретінде қарастырды. Оның пікірінше, тіл білімі адамның жеке психологиясын ғана емес, халық психологиясына да сүйенуі қажет.
Психолингвистика психологиялық эксперимент арқылы сөйлеу қызметінің үлгісін жасап тексереді. Бірқатар практикалық мәселелердің теориялық мәнін түсіндіру үшін таза лингвистикалық тәсілдер жеткіліксіз. Ол үшін психолингвистиканың тәсілдерін қолдану қажет. Психолингвистика мынадай мәселелерді шешеді: шет тілдерін үйрену, логопедия мәселелері, ми қызметіне байланысты сөйлеудің бұзылуы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөйлеудің рөлі, авиция мен космостық психология, криминалистика мен машина аудармасы мәселелері және т.б. Психолингвистика термині 1954ж. бастап қолданылып келеді (АҚШ);
Сыртқы лингвистиканың барлық салаларын бір бірімен байланыст екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа тілдің адаммен байланысын көрсететін бөлімдерін: биолингвистика, танымдық лингвистика және психолингвистиканы жатқызуға болады. Олардың бәрі тілдің қолданысын адамның ойлау категориясымен және психикасымен байланыстырады. Бұл топты танымдық лингвистика немесе танымдық тіл білімі деп атауға болады.
Психолингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Тіл білімінде сыртқы лингвистика – шекаралас ғылымдардың – психолингвистиканың, социолингвистиканың, социологияның тағы сол сияқты ғылымдардың әдіс-тәсілдерін қолданатын ішкі лингвистика деген қате пікір бар.
Сыртқы лингвистиканың пәні мен тәсілдері туралы бұл сияқты түсінік бір шама қара-дүрсін пікір. Мысалы: Психолингвистика – психолингвистиканың әдіс-тәсілдерін қолданады, бірақ оның мақсаты – ішкі лингвистика мен психологияның мақсаттарынан мүлдем басқа. Психолингвистка – «тіл – адам» қатынастарының мәнін ашып қарастыруға тырысады. Психолингвистиканың жеке ғылым саласы болып қалыптасуы 1953 жыл болып есептеледі. Осы жылы АҚШ-та Индиана Университетінің әлеуметтік ғылымдарды зерттеу кеңесі мен тіл білімі және психология комитетінің ұйымдастыруымен университетаралық семинар өткізілді. Семинар жұмысын психологтар Чарльз Осгуд пен Джон Кэролл басқарды. Семинар жұмысының нәтижесі «Psycholinguistics//A Syrvey of Theory and Research Problems». Кітапта жаңа ғылымның теориялық ережелері мен негізгі бағыттары белгіленді. Ч. Осгуд психолингвистиканы адамның сөйлеу қызметімен байланыстырады.
КСРО-да психолингвистика адамның сөйлеу қызметінің теориясы ретінде ХХ ғ. 60-жылдарының ортасында пайда болды. Жаңа ғылым А. Н. Леонтьевтің, А. С. Лурия, С. Л. Рубинштейн есімдерімен байланысты. Сол сияяқты психолингвистканың қалыптасуына А.Хомскийдің, Ж. Пиаженің зерттеулері де елеулі үлес қосты.
Психолингвистиканың мақсаттары төмендегідей:
1) Адамның сөйлеу қызметін зерттеу, яғни сөйлеудің тууын және оны түсінуді зерттеу;
2) Ана тілі мен шетел тілдерін балалар мен ересектердің үйрену үрдісін зерттеу;
3) Ішкі лингвистиканың әдістері арқылы алынған мәліметтердің шыншылдығын анықтау (Верификация лат.verus – шындық ).
Негізгі ұғымдар
Психолингвистикалық тәжірибе – информанттарды пайдаланып тәжірибе өткізушінің бақылауымен тіл қызметін қолдан жасалған жағдайда зерттеу.
Информант – сөйлеу үрдісіндегі әр түрлі мәліметтерді алу үшін тәжірибеге шақырылған сыналушы. Әдетте бұл адам аталмыш тілді ана тілі ретінде қолданатын адам.
Тәжірибе түрлері. Психолингвистикада тәжірибенің негізгі үш түрі бар:
1) Зертханалық тәжірибе – тәжірибе өткізушінің күні бұрын тұжырымдалған гипотезаны тексеруі үшін өткізілетін тәжірибе;
2) Табиғи тәжірибе – сөйлеу үрдісін информанттарға табиғи жағдайда (жанұя, мектеп, жұмыс орны) өткізу;
3) Ассоциативті тәжірибе – информантқа әсерлеу мақсатында оның екі және одан да көп тілдердегі белгілі бір сөзге, сөз тіркесіне, сөйлемге реакциясын тексеру.
Тест – психолингвистиканы зерттеудегі негізгі әдіс болып табылады. Ол жеке тұлғаның бағалау шкаласындағы орнын анықтау мақсатында өткізілетін жеке немесе топтық тапсырма болуы мүмкін.
Тесттің екі түрі бар: ашық тест және жабық тест.
Ашық тест – онша қатаң талаптары жоқ, оларға объективті түрде баға беру қиын (диктант, шығарма, аударма және т.б.). Бұл тесттің жағымды жағы – информанттардың ой-желісін, ойлау мүмкіндіктерін, шығармашылық қабілеттерін бақылауға болады. Жабық тест жалпыға бірдей, қатаң талапқа сай жасалған тест. Жабық тестте информант тек қана берілген сұрақтарға жауап береді. Әдетте жабық тест жауаптың бірнеше варианттары бар тесттер болып келеді.