Бәйдібек Қарашаұлы туралы не білеміз?
Бәйдібек Қарашаұлы – қазақтың атақты биі әрі батыры, хан да болған.
Кезінде Бәйдібек би кесімді, бітімді тапқыр шешен сөздерді, ақыл-нақыл, мақал-мәтелдерді көп айтқанға ұқсайды. Олардың кейбірі айтыла-айтыла, авторы ұмытылып, халықтық мұраға айналып кеткен. Дер кезінде хатқа түспеген соң көпшілігі ұмытылып та кеткен. Десек те, Бәйдібек бабамыздың бірлі-жарым нақыл сөздері атадан балаға ауысып, бүгінгі күнге жетті. Оның ел аузынан жазып алынған кейбір нұсқалары:
Боралдайдың бір байы мен жалшысы дауласып, Бәйдібек биге барыпты. Бұл кезде Бәйдібек бидің жігіт шағы екен. Бай айтыпты: «Өзім асырап, есігіме салған құлым еді, ауқат беріп әлдендірдім, ескімді беріп киіндірдім. Соған місе қылмай, енді меннен ат дәметеді».
Би жалшыға сөз беріп:
- Кәне, сен сөйлеші, - десе, әлгі жалшы өте момын, жалтақ болса керек, байға жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Ал бай болса, оған көзін алартып қояды. Жалшының бұл халін сезе қойған Бәйдібек би:
Аяққа кісен салуға болар,
Қолға кісен салуға болар,
Ал, тілге кісен салуға болмас, - деп жалшыға араша түсіп, ақысын алып беріпті.
Бір жолы Бәйдібек үш жасар Жалмамбет дейтін баласын ертіп, Ташкент базарына барыпты. Бала саудагер, делдал дегендерді алғаш рет көрсе керек. Үлкендерден: «Бала, саудагер қулар алдап кетіп жүрмесін» деген сөздерді естіп жүреді. Жолда бара жатып:
- Көке, осы саудагер не жейді? – деп сұрапты. Сонда Бәйдібек жас баласына:
- Саудагер, делдалдар түске дейін өзгелерді алдап жейді, түстен кейін өзді-өзін алдап түсіреді, - депті.
Бір жолы баласы Жалмамбет «менікі жөн, олардікі теріс» деп, бір жайлау дауын әкесіне айтып отырды. Сонда Бәйдібек би баласына:
Өткелді саяз деме,
Таяғыңды салып бойлат.
Ісімді мақұл деме,
Ағайынға салып ойлат, - деп ақыл айтыпты деседі қариялар.