Сарабдал қаламгер
"Өз жақсыңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін"
(Халық мақалы)
Творчестволық еңбектің ең басты шарты - саны емес, сапасы, көлемі емес, көркемдік құнымен ғана бағаланбақшы. Әрбір жаңа туған шығарма адам туралы жыр болғандықтан, сен, асылы бар-ау, шамаң келсе, шала түскен түсіктей өлексе бірдемеңді оқушыға тартпа. Оқушы қауымға сен жүрегі лүпілдей соғып тұрған, ыстық, қанды сырлас әкел. Өмір бақи оқушы ойынан кетпестей болсын. Талай-талай ыстық-суықтың тезіне сенімен бірге түсіп шығатын, қиындықта құдды Корчагинше қасыңнан өмір серігің боларлық герой жаса. Шын мәнінде, дәл осындай әдебиеттік бір ғана тұлға - тип жасаған жазушы да соңырағы күні, сөз жоқ, ұлттық әдебиеттен өз орнын алады, оған хақы бар.
Санаулы ғана шығарма жазған Ғабиден Мұстафиннің де қазақ совет әдебиетінің алыптары - М.Әуезов, С.Сейфулин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтердің қатарынан қорықпастан, қысылмастан еркін басып барып, иықтасып тұрып алғаны сондықтан.
Ғабиден Мұстафин, шығармалардың бәріне ол очерк пе, әңгіме ме, пьеса ма, роман ба, жазбас бұрын алдымен қатты талап қойып алады. Бұл тұста ол нақ бір кісі аяғы тимеген бір қияға өрмелеген, ержүрек альпинистерше қарақшысынбұрынғы жеткен биіктіктерінен де ілгері оздырып, көз ұшындағы бір қияға тігіп алады да, сонан кейін столына отырады. Осы сәттен бастап тыңға салған соқа талай сырлардың қыртысын қопарып, адам мекен еткен осы дүниенің жаңа бір жұмбақ есігін айқара ашып тастайды. Мәселен, өзіміз білетін "Миллионер", "Шығанақ", "Қарағанды", "Дауылдан кейін" романдары да дәл бір адам дүниесінің әлеміне әр тұстан қадалған бір-бір көз сияқты. Ол көз адам баласының тірлік тартыстары мен сезім сырларына бірде таңдана қараса, енді бірде өзі араласқысы келіп, құмартып, қызыға қарайды.
Бәріміздің де тырнақалдымыз ұстаз аға Ғабеңнің қолынан өтті, ол Ғабеңнің бір қасиеті: творчество психологиясына тар өлшеммен қарап, әдебиет топырағына шыққан кейінгі көк шыбықтыңбәрі алдындағы кәрі еменге қарап бой салып, сонан аумай тұрса екен деп талап етпейтін. Аға көңілі әмсе де әрбір гүлөзінше қауыз ашып, өзгеше бір жолмен шешек атқанын қалайтын.
Кейбір қыңыр сыншылардың Ғабиден Мұстафин шығармасына суық көңілімен қараған тұстары да жоқ емес. Әсіресе Аман образы көп уақыт сыншы шоқпарының астынан шыға алмай, бірде басы ісіп, бірде көзі шығып жүреді. Кезінде Түргеновтың Базаровы да дәл осылай қыңыр сыншы шоқпарының астында шынығып, өз заманының арман-үмітін ірі бір тұлға боп шыққаны белгілі. Қысқасы, гүл қауыз ішінде тұрса да шешек жармай қоймайды.
Ғабиден Мұстафин творчествосы қазір қазақтың ұлан-байтақ даласында бой салып мәуелеп өскен, жасыл бұтақты, бұлбұлды баққа айналды. Көп тілдегі миллиондаған оқушылар осы бір қазақ топырағында гүл ашқан творчество бағында қызық бас құрап отыр.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің естелігінен