"Желтоқсаншылар" Астанада еске алу шарасын өткізді
Астанада бүгін жиырмаға жуық адам 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиға салдарынан қаза тапқандарды еске алды.
Тәуелсіздік көшесіндегі «Отан Ана» монументіне өздері әкелген гүлдерді қойған соң олар 1986 және 2011 жылдары желтоқсан айында болған қайғылы оқиғалар құрбандарына бағыштап құран оқыды.
Бүгінгі шараға балдақпен келген қоғамдық белсенді бұдан 29 жыл бұрын өзі қатысқан Алматыдағы қазақ жастарының Мәскеудегі биліктің шешіміне наразылығы мен төрт жыл бұрын Жаңаөзенде полицияның халыққа оқ атуы ел жадында ешқашан ұмытылмастай болып қалғанын айтады.
«1986 жылы қайтыс болған бауыр-қарындастарымыздың, Шетпедегі, Жаңаөзендегі шейіт болған боздақтардың жарқын бейнелері әрқашанда жүрегімізде сақталады» деді Құрманғазы Рахметов.
Астанада боранды күні бас-аяғы жиырма минуттай уақытқа созылған бүгінгі шараны алыстан бейтаныс адамдардың бақылап жүргені байқалды.
Дереккөз: azattyq.org