Тарих — ғасырлар куәсі
Қазақ хандығы — қазақтардың XV және XIX ғасырлар аралығында қанат жайған тәуелсіз мемлекеті. Қазақ хандығы – қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, қорғап келген мемлекеттігінің нышаны. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктуде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен және бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы — хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.
Қазақ хандығының 550 жылдық тойын атап өтілуі – бұл халқымыздың егеменді, тәуелсіз «Мәңгілік ел» болғандығын дәлелдейді. Осы тұста өткен тарихымызды тұғыр етіп ұстамай жарқын болашақтың есігін айқара аша алмайтындығымыз белгілі. Осыған байланысты Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлығы шығып, былтырдан бері бүкіл ел жұмыла дайындық жүргізген болатын. Бұл дегеніміз, халқымыздың өткенді білуге деген үлкен құлшынысын, елі мен оның өткеніне деген асқан құрмет пен сүйіспеншілігін білдіреді.
Аталмыш ұлық мереке аясында ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының студенттері де тыс қалмады. Жастардың тарихқа деген тағзымын білдіріп, мемлекет деңгейінде тойланып жатқан ұлы мейрамға өз үлестерін қосу мақсатында Туризм мамандығының 3 курс студенттері мен 2 курс магистранттары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарих – ғасырлар куәсі» атты мерекелік іс-шарасын ұйымдастырған болатын. Қонақтар қатарынан аға оқытушылар мен студенттер орын тапты. Мерекелік шара барысында қатысушылар ұлт тарихына тереңінен үңіліп, ата-бабаларымыздың жүріп өткен соқпақ жолдарына шолу жасады, түрлі ойындарға белсене қатысып, сыйлықтармен марапатталды.
Өткен күнге көз тастай отырып, бүгінде қолда барды бағалау – жас буынның бойында болуы тиіс маңызды қасиет деп білеміз. Сондықтан да елім деп жүрегі елжірер нағыз патриоттарды тәрбиелеу – аға буынның басты көздегені.
Олай болса, биыл, мінеки, Керей мен Жәнібек Қозыбасыға орналасып, Қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толып отыр. Ата-бабамыз қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болайық! Ендігі кезекте тек бірлік пен ынтымақтастықты ту етіп, болашаққа сенімді қадам басуымыз керек. Тәуелсіз Қазақ Елі мәңгі жасасын!
ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультеті
Рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті, г.ғ.к. Алиева Ж.Н.