Сөздер сөйлейді. Жылы-жұмсақ
Жылы-жұмсақ. Сойылған ал мал етінің жылы-жұмсағы деп айту бар. Мүндағы жылы сөзі бұл күнде түсінікті, ол суық, салқын деген сөздерге қарама-қарсы мағынада жұмсалады. Жоғарыдағы жылы-жұмсақ дегендегі жылы бұл мағынада емес. Ол сөздің о бастағы тұлғасы жаулы/жаулығ/жағлығ болып табылады. Ал жағ, жау түбірі "май" деген ұғымды білдірген. Демек, "еттің жылы-жұмсағы" оның "майлы жұмсақ, яғни ең дәмді жерлері " дегенді білдірген. Жау сөзінің көне замандарда "май" мағынасындағы сөз болғанын, оның қазақша жаужұмыр, жауқазын деген өсімдік атауларының құрамында келіп, "май", "майлы" деген ұғымды білдіргендігін кезінде проф. Қ. Жұбанов айтып кеткен болатын. Көне түркі жазба ескерткіштерінде жағлығ-йумшақ деген қос сөз болған, оның бір мағынасы "мягкий, нежный", екіншісі "тучный".
Сөйтіп, майлы әрі жұмсақ деген сөздерден жасалған жайлы-жұмсақ сөзінің бірінші компонентіндегі жаулы сөзінің қазақ тілінде "майлы" мағынасы күңгірттенгендіктен, жылы тұлғасына ауысып айтылып кеткен.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен