Cерік Асылбекұлы: Ұлттың ең басты құндылығы - Тәуелсіздік
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жазушы-драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ассалаумағалейкум Серік аға. Бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі туралы не айтасыз?
— Тек Қазақстан емес, БҰҰ мүше 193 мемлекеттің күнтізбесіндегі ең ұлы мереке осы Тәуелсіздік мерекесі. Ешбір елде одан асқан мереке бар деп ойламаймын. Өйткені, Тәуелсіздік ұлтты дамытатын ең басты құндылық. Өз тізгіні өзінде, өз билігі өзінде болған ұлт қана өзінің мәдениетін, білімін, ғылымын, өнерін жан-жақты дамыта алады. Ал біреудің қарамағында, біреудің отарында отырған ұлттар титулды ұлттың мүддесін ғана көздейді, тәуелсіздігі болмағаннан кейін өз мәдениетін, әдебиетін, өнерін де дамыта алмайды. Тәулсіздік – бұдан асқан мереке жоқ, ұлт үшін бұдан артық бақыт жоқ. Ең дүркіретіп өткізетін мереке Тәуелсіздік мерекесі болуы керек. Өкінішке орай бұл мерекеміз жаңа жылдың тасасында қалып қойғаны рас. Мен ол мейрамды кемітейін деп отырғаным жоқ. Дегенмен Тәуелсіздік мерекесі ерекше тойлануы тиіс.
1990 жылдардан бері қарай 2000 жылға дейінгі аралықта Тәуелсіздік мерекесі қандай деңгейге тойланды?
— Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдерде Тәуелсіздік мерекесі өте жақсы деңгейде тойланды. Өйткені ұлт өзінің тәуелсіздігіне аңсап, зарығып, сағынып жетті. Ал одан кейінгі жылдары ұйымдастырушылықтың төмендігінен бұл мереке өз деңгейінде тойланған жоқ. Егер біздің билік ерекше мән беретін болса, бұл күнді жоғары дәрежеде атап өтуге болады.
Желтоқсан оқиғасын көзіңізбен көрдіңіз. Сол туралы әңгімелеп берсеңіз?
— 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңында (қазіргі Республика алаңы) болған оқиға. Демонстрацияға, жиынға қасымдағы жолдастарыммен бірге мен де қатыстым. Керемет ерлік көрсетпесек те, көппен бірге жүрдік.
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Желтоқсан желі» пьесасы бойынша қойылған спектакльіңізді көрдік. Көрермендердің көңілінен шықты. Ал осы қойылымды жазуға не түрткі болды?
— Мен осы Желтоқсан оқиғасына дейін қазақ халқын дұрыс білмейді екенмін. Мен бұрын бейшара, ынжық, момын, әбден езіліп қалған, мәңгүрттеніп кеткен ұлт деп ойлайтынмын. Осындай ұлттың ұрпағы болғаныма өкінбесем де, біртүрлі іштей налитынмын. Өйткені жағдай өте қиын болатын. Ұлттық құндылықтардың сақталуын айтып отырмын. Тамағымыз тоқ болды әрине, бірақ ұлт бірте-бірте деградацияға ұшырап, ассимиляцияға түсіп, басқа ұлттарға сіңісіп, енді оның ішінде саны көп орыстарға сіңісіп кетіп жатқан соң, қазақтық, ұлттық менталитет әлсірей бастады. Сол себепті қазақтық жойылып бара жатқандай көрінді. Ал 1986 жылы алаңға шыққан кезде қатты таң қалдым. Қазақ халқының рухы сөнбеген екен ғой, осындай батыл ұл-қыздары бар халық екендігін танымағандығымды түсіндім, шын бет бейнесі сол кезде ашылған сияқты. Менің ойымша, біздің халықтың бір кемшілігі – әбден қиналған кезде ғана бас көтереді.
Сол кездегі қазақтың бойындағы өр рухты, намысты, арды қазіргі жастардың бойынан көре аласызба?
— Қазіргі жастардың кейбіреулерінің бойынан ғана көре аламын. Бәрінің бірдей бойынан көре аламын десем шындыққа қиянат болар еді. Көпшілігі ас ішіп, аяқ босатар күнделікті күйбең тіршілігін көбірек ойлайтын сияқты. Ұлттың тәуелсіздігі, еліміздің ертеңі, болашағы бәрін бірдей алаңдатпайды. Құдайға шүкір еліміздің ертеңін ойлап, дамуына үлес қосып жүрген жалындап тұрған жастар да бар.
Еліміздің егемендігін сақтап қалу үшін ең басты қандай құндылықтарға баса мән берген жөн деп ойлайсыз?
— Ең басты қазақ халқы бейқам болмауы керек деп ойлаймын. Екінші қорқақ болмауы керек. Құдай өзі берген жанды өзі алатынын ұмытпайық! 250 жылдан астам 300 жылға жуық отар болған елдің рухы басылып қалатыны белгілі. Дегенмен де Қазақстанда 11 жарым миллион, дүние жүзінде 16 миллиондай халықпыз. Бұл аз халық емес. Мысалы біздің санымыз Еуропадағы ең іргелі ұлттардан да көп. Әр жерге шашырап жүргендіктен біздің халық аз сияқты болып көрінеді. Ал шын мәнінде біз бір жерге жиылып отыратын болсақ әжептәуір үлкен халықтардың біріміз. Сондықтан қазақ халқы бейқамдықтан арылса, әр қазақ менсіз Қазақстан бүтін емес деп ойлайтын болса, батыл болатын болса, еліміздің егемендігі мәңгі болары айдан анық.
Сөз соңында Қазақ еліне деген тілегіңіз?
— Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әрбір жас ұрпақ Отанын сүйетін, әділ, шыншыл, досқа достай, қасқа қастай қарай білетін нағыз азаматтар болып өссе деген тілегім бар. Бізге соғыстың да, жанжалдың да, терроризмнің де керегі жоқ. Экономикамызды күшейтіп, шекарамызды бекітіп, рухымызды шыңдап, бейбіт өмір сүрсек одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.