Сөздер сөйлейді. Керен, керік
Керен, керік. «Қамбар батыр» жырында:
Керендей ашып ауызын, — деген жол бар. Мұндағы керендей сөзі өзге жырларда, осы жырдың өзге варианттарында "керектей", "арандай" түрінде келеді.
Керік сөзі қырғыз эпосында да кездеседі. Сірә, қазақ эпосында да дұрысы "керіктей ашып ауызын" болса керек. Қазақ тілінде де керік сөзі бар. Керік сияқты айбарлы жануар аузын ашқанда соншама қорқынышты болатындығы мәлім. Бұл образ о баста қазақтың өзінікі емес (қазақтар қоныс тепкен мекендерде керік болған емес қой), өзге әдебиеттерден кірме образ болу керек. Ал керік сөзінің керен тұлғасына көшуін бұл сөздің жалпы қазақ қауымына түсініксіздігінен іздеуге болады. Оның үстіне құлан, бұлан деген сияқты тағы жан-жануарлардың атауы -ан қосымшасымен аяқталып келетіндіктен, аузын кең ашатын бейтаныс аңның да атын керен деп ұғу – әбден заңды құбылыс. Керік сөзінің аран сөзімен алмасуы да осы негізде. Аран да – бейтаныс нәрсе. Мүмкін аран монғолдың араатан – жыртқыш, жыртқыш аңдар деген сөзінің бір варианты болар.
Ал керік сөзі эпостарда ат, батырдың балуанның мінген аты деген мағынада және қолданылады. Мысалы «Алпамыс» жырында:
Сол уақытта бір палуан,
Келе жатыр ұмтылып,
Аяғың жерге сүйретіп,
Мінген керкін үйретіп, - дейді.
Немесе сол жырда қалмақ батыры туралы:
Астына мінген керігі
Шыға келді ойнақтап, - деген жолдар бар. Кітапта түсіндірілгендей, керік – көлік емес, бұл анықтама, әрине, дұрыс емес.
Бұл жердегі керік — ат дегеннің синонимі, бірақ керік сөзі жағымсыз қаһарманға байланысты жерде айтылады. Керік мінген қалмақтың ханы, палуаны болып келеді. Соған қарағанда керік деп жалпы атты емес, бойы аласа деген сияқты жылқының белгілі бір тұқымын атаса керек. Мысалы, ұйғыр тілінде кәркі сөзі карлик, лилипут және аласа бойлы дегендерді білдіреді. Жылқының монғолдық тұқымын бөліп көрсету үшін керік деп атағанға ұқсайды.