Жалпы грамматика. Морфема ұғымы және оның түрлеріне мысалдар
Тіл білімінде грамматика терминінің екі мағынасы бар: 1. грамматика ғылым саласы ретінде сөз формаларын, сөз тіркестерін және сөйлем түрлерін зерттейтін лингвистиканың бір тармағы; 2. грамматика ғылымының зерттеу нысаны – бұл тілдің грамматикалық құрылымы, яғни тіл бірліктерінің өзара қатынасқа түсу заңдылықтары, сол бірліктердің құрылу ережелері. Морфема – тілдің негізгі морфологиялық бірлігі және ең кіші мағыналық, құрылымдық элементі. Басты сипаты екіжақтылығында: мазмұн өресі және жеткізу өресінен тұрады. Және оның осы екі өресі арасындағы қатынас біржақты емес: мысалы, бір жеткізу өресіне бірнеше мазмұн өресі сәйкес келуі мүмкін. Керісінше, бір мазмұн өресіне бірнеше жеткізу өресі сәйкес келуі мүмкін. Мұндағы алдыңғы құбылыс морфемалардың ононимиясы, соңғысы синонимиясы болып табылады. Мағынасы жағынан морфемалар заттық (түбірлер) және грамматикалық (аффикстер) болып бөлінеді. Түбірге қатысты орналасуына, түбірге жалғану сипатына байланысты аффикстердің мынандай түрлері бар:префикс және постфикс. Префикстерді қолданбайтын тілдер: түркі тілдері және угро-фин (Орал тілдері → угро-фин: а) угор бұтағы (венгер, мансы, ханты); ә) Прибалтика –фин бұтағы (фин, эстон, карель, ижор); б) Пермь бұтағы (коми зырян; коми пермяк, удмурд); в) Волга бұтағы (мариий; мордов: эрзян, мокшан). Кейбір тілдерде префиксация кең қолданылады да, постфикстер қолданылмайды. Мысалы, суахили (банту тобы, Шығыс Африка) тіліндегі етістік формасы wa-ta-si-po-ku-ja (ватасипокуджа) – “егер олар келмесе”, мұндағы wa – ІІІ ж. көпше; ta – келер шақ, si –болымсыздық; po – шарттылық; ku – етістік префиксі, тек ja – “келу”, яғни түбір морфема. Үндіеуропа тілдерінде префикс те, постфикс те қолданылады, бірақ постфикстердің үлесі басым. Мысалы, пред став и тель н ый (1 префикс, 4 постфикс); Постфикстер грамматикалық мағынасының типі бойынша деривациялық мағыналы постфикстерге (суффикстер) және реляциялық мағыналы постфиксерге (флексияға) бөлінеді. Суффикстер грамматикалық мағыналары жағынан сөз тудырушы қосымшалар болса, флексия сөз түрлендіруші қосымшалар болып табылады. Интерфикс (лат.арада бекітілген деген мағынада) – бұлар дербес мағынасы жоқ, көмекші морфемалар, олар күрделі сөздердегі түбірлердің байланысы үшін қызмет етеді. Н.С.Трубецкой оларды “байланыс морфемалары” деп атады. Олар тек сөз тудыру қызметінде жұмсалады, мысалы, вод о воз т.б. Конфикс (лат.бір-біріне бекітілген) –екі аффикстің комбинациясы, олар жеке-жеке екі морфема болса да, бірігіп әрекет етеді, мысалы, неміс тіліндегі de-fynd-en – “табылған” – de және en – түбірмен бөлінген өз алдарына жеке морфемалар бірігіп, күрделі өткен шақты білдіруде қолданылады; олар кейбір жағдайларда бір-бірінсіз де қолданылады, мысалы, lob-en – “мақтау”. Инфикс (лат.вставленное в) – бұл түбірдің ортасына қойылған қосымшалар. Мысалы, тагаль тілінде (индонезия семьясы) –um инфиксі; s-um-ulat – жазу –sulat – хат сөзінен түрленген. Орыс тілінде инфикстер дыбыс алмасуы кезінде байқалады: лечь – лягу; сесть – сяду; Трансфикс – бірыңғай дауыссыздардан тұратын түбірді жарып, өздері де бөлініп, дауыссыздар арасындадауысты қабатша ретінде қызмет етеді де, сөз формасын анықтайды және оны грамматикалық тұрғыдан ресімдейді, яғни белгілі бір грамматикалық мағынаға ие. Бұл құбылыс семит тілдеріне тән (көне еврей, аккад немесе ассирио-вавилон, финикий тілі). Нөлдік аффикс – бұл парадигманың бір формасында аффикстің болмауы (ал қалған формаларында ол сақталады, мыс., бала сөзінде нөлдік аффикс) я морфеманың жеткізу өресі нөлге сәйкес, бірақ мағынасы бар болса, бұл нөлдік морфема; ал керісінше, морфеманың жеткізу өресі, яғни формасы бар, бірақ грамматикалық мағынаға ие болмаса, онда ол бос морфема, мысалы, вод о воз.