Тіл және ойлау арақатынасын сараптаңыз.

Тіл мен ойлау өзара байланысты. Дыбыстық тілді де, абстракты ойлау да адамға тән құбылыстар. Біріншіден, тіл де, ойлауда да адам миының туындысы, соның жемісі; екіншіден, тіл де, ойлау да –қоғамдық құбылыстар. Адамның ойы арқылы тілдік бірліктер (сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер) болмыспен (объективті дүниемен) байланысқа түседі. Тілдік бірліктер болмыстағы заттар мен құбылыстардың аттары. Сондықтан да, тіл –олаудың құралы.
Қоғам мүшелерінің өзара пікір алысуы тіл арқылы іске асады. Адам өз ойын басқаларға тіл арқылы айтып жеткізеді. Тыңдаушы да айтушының ойын тіл арқылы түсінеді. Сондықтан болар, К.Маркс: «Тіл дегеніміз –ойдың тікелей шындығы» -дейді. Ой тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы көрінеді. Тіл –пікір алысу құралы, ойлаудың құралы, ойды жарыққа шығару құралы.
Тіл ойлаудың шығуымен бірге, бір мезгілде шығып қалыптасты және оның дамуымен бірге дамып келеді. Ендеше, ойлаудың тілден тыс болуы мүмкін емес.
Бір нәрсені танып білуде тілдің атқаратын рөлі зор. Олай дейтін себебіміз, белгілі бір затты жақсы тану үшін, яғни оған ат қою үшін, ең алдымен сол заттың басты белгілерін білу керек. Сол басты белгілерін жақсы білсең, оны тану да, оған ат қою да оңай. Мысалы, ненең (Солтүстік Мұзды мұхитының жағалауында тұрады) тілінде қардың түрлерін білдіретін 40 шақты арнаулы атаумен бірге жалпы қар ұғымын беретін сыра деген сөз де бар. Аталған тілде шана түрлерін білдіретін 20-дан астам сөзбен бірге нарта деген жалпы атауы тағы бар.
Бұдан шығатын қорытынды: атау сөз (ұғым) жалпы (абстракты) және нақтылы (конкретті), деректі және дерексіз болып бөлінеді.
Адам тіл арқылы ойлайды. Тіл біздің ойымызды туғызып, оны жеткізіп қана қоймайды, соныен бірге, ол адамдардың сан ғасырғы мол тәжірибесін сақтайды және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.
Адам өз ойын сөйлеп, не жазып білдіреді. Кім айқын, анық сөйлей алса ол айқын ойлай алады.
Бұған қарап, тіл мен ойлау тепе-тең, бірдей нәрсе деп ұғып қалуға болмайды. Неміс ғалымы В.Гумбольдт солай деп ұққан. Ол әр түрлі тілдердің болуы әр түрлі ойлаудың нәтижесі, -деп есептеді. Бұл мүлде қате тұжырым болатын.
«Тіл мен ойлау тепе-тең» деп қателесушілер сияқты, «тіл мен ойлаудың арасында ешқандай байланыс жоқ, олар бір-бірінен мүлде бөлек» деп, қате тұжырымдаушылар да жоқ емес. Мәселен, американдық ғалымдар Л.Блумфильд пен З.Харис осылай дейді.
Сонымен, тіл мен ойлаудың арасына тепе-теңдік белгісін қойып теңестіру де, сол екеуінің бірлігін жоққа шығарып, бірінен-бірін бөліп тастау да ешбір ғылыми негізі жоқ қате көзқарастар болып саналады.
Тіл мен ойлау әрдайым бірлікте болады. Ойлау тілдегі сөздер мен сөйлемдердің негізінде іске асады, солар арқылы басқаларға белгілі болады. Басқаның ойын да тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы түсіне аламыз.