Тіл мен таным арақатынасын сараптаңыз.

Танымдық тіл ғылымы басқа ғылым түрінен ең алдыңғы орында болады, өйткені ол тіл арқылы танымдық нәтижені көрсету үшін бәрінен де басымды қызмет атқарады. Адам болмысын ашатын тіл қызметі, тіл арқылы берілген алғашқы түсінік, мәлімет туралы мәселе танымдылық (когниция) деп аталады. Танымдық тіл ғылымының басты міндеті – адамның танымы арқылы жасалатын, жасалған (анықталатын, анықталған) әлемнің тілдік бейнесін тіл ғылымының әр саласы, әр салалық байланысы арқылы айқындап, ашып беру, тіл құрылымына жүйелеп түсіру, тіл білімімен негіздеу; заңдылығын жасап, жүйелеу; тілдік әлем бейнесінің концептілік негізін нақтылау, негізгі түрлерін белгілеу. Сонда таным ғылымы жалпы таным әрекетімен айналысса, танымдық тіл ғылымы танымның тілдегі көрінісімен, таныммен жасалған сөздік әлем бейнесімен айналысады. Осылайша танымдық тіл ғылымы жалпы тіл ғылымының бір саласы болып, тілдің санаға, ақыл-ойға қатысын, байланысын, тілдің Сөз әлеміндегі дүниені негізгі ой-ұғымдыққа жүйелеуге (концептілік) және топтастырып жинақтаудағы (категориялауға) қызметін, адамның танымдық әрекетіндегі тәжірибесін белгілеудегі мәселелерін қарастырады. Сөйлеуде, сөйлеу әрекеті кезінде ғана адам өмірінің тәжірибесі, ойлауы, жалпы танымы көрініс табады. Тіл –– адам танымы нәтижесінде жинақталған ақпаратты арнайы белгілейтін, жеткізетін таным құралы, қолданыс құралы; тілдік таңба жүйесі. Сондықтан танымдық тіл ғылымының нақты зерттеу нысаны бар: 1-негізгі зерттеу нысаны – таным құралы ретіндегі Тіл – Сөз. Тіл – сөз – арқылы адам танымы ашылса, таным арқылы әлем, дүние белгіленеді, адам болмысы көрінеді. 2-зерттеу нысаны – адам танымы немесе танымдылық. Адам танымын оның сөзімен ашу арқылы тілдің, сөздің пайда болуы туралы дерек жинақталады, сөз өзегін құрайтын ұғымның атауға айналуы туралы болжам қойылады, соңында нәтижеге жол салынады, қол жеткізіледі. 3-зерттеу нысаны. Адам танымы мен тілі танымдық тіл ғылымының негізгі зерттеу нысаны болғанмен, олардың жарыққа шыққаннан кейінгі күйін, мазмұнын сипаттайтын, жүйелейтін, заңдылығын көрсететін, дүниетанымды ашудағы құралдық, әдістік қызметін танытатын танымдық бірліктер бар; олар да танымдық тіл ғылымында дүниетанымды, әлем бейнесін, ашуда әрекеттік құрал болумен қатар өз алдына жеке зерттеу нысанына түседі: концепт (ұғым), категория, мағына, кіші ұғым, метафора, фрейм, гештальт.