Тіл философиясы (Ф. Бэкон, Р. Декарт, Д. Локк) концепциялары
Тіл теориясы.Тілдің шығуы туралы теория ХҮІІІ ғ. Руссо, Дидро, Гердер еңбектерінде орын алды. Ж. Руссо (1712-1778) тілдің шығу тегін әлеуметтік-қоғамдық келісім және тілдің эмоционалдық немесе еліктеу теорияларымен байланыстырады, бұл туралы “Адамдар арасындағы теңсіздіктің басталуы және негіздемесі туралы ойлар” (1715), “Тілдің шығуы туралы тәжірибе” (1761 ) еңбектерінде айтады. Әлеуметтік-қоғамдық келісім теориясының мәні алғашқы адамның бірігуі, әртүрлі қауіптерден сақтануға талпынуы барысында инстинкті түрде дыбыс беруі, айғайлау, ымды қолдануы, бірақ ым адамдарға қараңғыда алыстан көрінбеуіне байланысты ыңғайлы болмады. Сондықтан ойды білдіру құралын іздеп, сөзді жалпы мағынада, яғни бір сөз тұтас бір сөйлемдерді береді деген пікір айтты. Бірақ ол тілдің бе, жоқ әлде қоғамның ба бірінші пайда болғанын айта алмады. Тілдің шығуының эмоционалдық немесе еліктеу теориясын ұсынды. Онда тілдің шығу себебін адамдардың ішкі сезімін білдіру мақсатымен байланыстырды. Руссо теориялары француз энциклопедисті Дидро (1713-1784) тарапынан сынға ұшырады. “Энциклопедия немесе ғылым, өнер, қолөнерінің түсіндірме сөздігі” еңбегінде (9 том): “Тіл ойды дауыс арқылы білдіруге арналған әрі анықталған ұлтқа тән дағдылар бірлігі ретінде” анықталды. Дидро тілдің коммуникативтік қызметін атап көрсетті. Тілдің қалыптасуына қоғамның негіз болатыны туралы материалистік көзқарастан идеалистік позицияға өтеді:
“Қоғам қажеттілігі тілдің дамуына ықпал етті, бірақ адам тіл бергені үшін құдайға қарыздар”, -деді. Ол тілдің шығуындағы еліктеу теориясымен келіспеді.
ХҮІІ - ХҮІІІ ғ. ғылымның дамуы, ғылымның тілге байланысты талабының өсуі тілдің негізгі қасиетін зерттеуді өзалдына міндет етіп қойған тіл философиясының тууына әкелді. Ағылшын ғалымы Ф.Бэкон (1561-1626) өзінің филологиялық грамматикасының негізіне эмпирикалық әдісті қолданды. Бұл әдіс бойынша кез келген білімнің көзі табиғат нәрселеріне негізделген сезімдік тәжірибе болып табылады. Оның негізгі көзқарастары
“Жаңа Органон” (1620), “Ғылымның қадір-қасиеті және жетілдірілуі” (1623) туралы еңбектерінде айтылады. Тіл - қарым-қатынас, ойда білдіру құралы. Тілді эмпирикалық тұрғыдан, яғни оны жан-жақты тәжірибелік жолмен зерттеу керек. Грамматиканы әріптік (эмпирикалық) және философиялық деп бөлді. Грамматика практикалық мақсаттарда қызмет етеді, тілді зерттеу әртүрлі халықтың жан дүниесінің ерекшелігін, мінез-құлқын, салтын тануға көмектеседі деп болжады. Философиялық грамматика сөздер мен заттар, сөздер мен ой арасындағы қатынастарды зерттейді. Сөздер заттарды, табиғатты объективті түрде тануда жеткіліксіз дей келіп, ұғымдарды дәл әрі нақты белгілейтін жасанды философиялық тіл жасауды ұсынды. Және оның негізінде барлығына ортақ бірыңғай тіл жасауға болады деді. Ол тіл теориясын жан-жақты жасай алмады.
Француз ғалымы Р.Декарт (1596-1650) жасанды тіл жасау теориясын ұсынды: сандардың табиғи қатарының тәртібінде анықталғандай, барлық ойдың әдістемелік орналасуын жүйелеу керек. Мұндай тіл сөзінің орналасуында, септелу, жіктелуде бір ғана тәсіл болар еді т.б. Тілді философиялық тұрғыдан зерттеу мәселесін ағылшын материалисті Д.Локк (1632-1704) “Адам ой-санасы туралы тәжірибе” (Опыт о человеческой разуме) – 1690ж. Философиялық еңбегінде қояды. Ол сөздің мағынасына зор көңіл бөліп, бұл мәселені тілдің мәні туралы іліммен тығыз байланыстырады. Локк объективті дүние заттарын адам сезім, түйсіну арқылы қабылдайды. Сөз есіту мүшелері арқылы қабылданған бөлшектенетін дыбыстардан тұрады. Сөздің қызметі ойды жеткізу, бірақ ойды түйсінуге болмайды, ойды жеткізу үшін оны түйсіну мүшелері арқылы қабылданатын таңбаларға (белгілерге) жатқызу керек.
Мұндай белгі – сөз. Локк бойынша, сөз ойдың түйсікте қабылданатын белгісі, ал сөздің мағынасы - таным және түсініктің, яғни ойдың орнын ауыстыру қабілеті.
Сөздің елеулі жағы – оның абстрактілігі деп таныды. Кеңес тілшісі М.В.Мачавариани: “Сөздің мағынасын зерттей келе, Локк субъективті-объективті, индивидуалды-қоғамдық, нақты, жалпы деп бөлшектеді. Сондықтан оның теориясына субъективті-идеалистік сипат тән”, - деді.