Копенгаген мектебі. Глоссематиканың ғылыми жетістіктеріне та

Копенгаген структуралық мектебі. Мектеп 1931 жылы құрылды. Нег.салушылар В.Брендель, Х.Ульдалль, Лун Ельмслев. Бұл мектеп өкілдері өздерін компаративистикалық бағыттардан бөлектеу үшін гректің глосса деген сөзі негізінде глоссематиктер деп атады. Осы атау арқылы олар өздерінің тек тіл біліміне ғана тән мәселелермен айналысатын, тілдің ғылымдар аралық объектілеріне жуымайтан зерттеушілер екендіктерін байқатқысы келді.
Глоссематикалық бағытын қалыптастырушы және оған дем беруші Дания тіл ғалымы профессор Лун Ельмслев/ 1899-1965/. Бұл мектептің теориялық негізін белгілеген алғашқы еңбек Ельмслевтің 1928 жылы жарияланған "Жалпы грамматиканың принциптері" атты кітабы, «Септік категориясы», «Тіл теориясына ескертпелер», «Тіл білімі» еңбектері жарық көрді. Ульдалльдың «Глоссематика негіздері» атты кітабы шықты. Глоссематиктер 1933 жылдан бастап Прага мектебімен бірлесе, «тіл білімі жөніндегі еңбектер" атты журнал шығарып тұрған. Журнал структуралистердің халықаралық органы деп жарияланды. Осы журналдың бірінші санында жарияланған глоссематик Вигго Брендальдің "Структуралық лингвистика" деген мақаласы мен Ельмслевтің кейініректе жарияланған "Лингвистикадағы структуралық талдау әдісі", "Тіл теорияларының негіздері", "Тіл теориясына кіріспе" деген мақалаларында (бұлар орыс тіліне аударылған) глоссематиканың негізгі ұстанған бағыттары кең баяндалған.
Глоссематиктер алғашқыда Ф. де Соссюр тұжырымдарына сүйеніп, прагалықтармен пікірлес болғандарымен, кейін олардан біраз мәселеде жекеленді. Бұл мектептің негізгі принциптері мыналар:
- нақты тілдік фактілермен байланысы жоқ абстракт аксиомалық теория жасауды көздеу. Бірақ ондай теория жасай алған жоқ, жасау мүмкін де емес еді;
- лингвистикадағы маңызды мәселе - тілді таза қатынастардың торы, схемасы деп санау, сол қатынастардың сипаттарын айқындау деді;
- тілдің әр түрлі ғылымға ортақ объект болатын тарауларын лингвитикалық пән емес деп жариялап, оларды тіл білімінің қарауынан біржола шығарып тастауды ұсыну. Бұларша, фонетика лингвистиканың емес, физика, физиология ғылымдарының объектісі, семантикалогияға, философия ғылымдарының объектісі, т.б. Тіл дыбыстары тілдің материалдық жағы болса, семантика тілдің идеялық жағы. Бұл екеуінсіз тіл жоқ. Сондықтан глоссематиктердің бұл екі категорияны лингвистикалық пән емес деп жариялаулары - тілді материясы мен мазмұнынан айыру деген сөз;
- зерттеу жұмысынан салыстырмалы-тарихи әдіс дегенді біржолата аластау керек, тілдер туыстастығы деген ғылыми проблема емес, оның орнына тілдердің жалпы, универсалды грамматикасын жазумен шұғылдану керек деді /Бұл к. сыңаржақ пікір. Тіл білімі үшін структуралдық та, салыстырмалы-тарихи әдіс те қажет, әрқайсысының өз объектісі, алға қойған өзіндік мақсаты бар/;
- тілді объективтік өмірден, басқа ғылымдардан бөліп жекелеп қарау, /олар қай ғылымның болса да ғалымдар аралық саласы оның басқа салаларына қарағанда анағұрлым терең, анағүрлым жан-жақты шешілетінін ескермейді/;
- зерттеу ісінде индуктивтік, яғни жекеден жалпыға қарай зерттеу әдісін қолданбауды, дедуктивтік, яғни жалпыдан жалқыға қарай зерттеу әдісін ғана қолдануды ұсыну. /Көптеген ғалымдар қажетті жеріне қарай бұл зерттеу тәсілдерінің екеуі де қолданылуы керек деп санайды/;
- құрылымды дерексіз таза қарым-қатынастар схемасы, торы деп тусіну. (Структуралық мектеп деп аталғандарымен прагалықтар мен глоссематиктердің құрылым дегенді түсінулері бірдей емес, прағалықтар оны өзара байланыста, шартты қатынаста тұратын тұлғалардан құралған бірлік, тұтастық дейді. Бұл мәселе дұрыстық прагалықтарда);
- Ф.де Соссюрдің ізімен синхрондық зерттеуге шешуші мән беріп, оны тілдің жүйелік сипатын зерттеудегі бірден-бір тәсіл деп санау;
- Ф.де Соссюрдің ізімен сөйлеуді индивидуалдық деп санап, оны тілдік нормаға, узусқа қарсы қою. (Норма – материалдық форма, ал узус қоғам қабылдаған сөйлеу әдетінің, дағдысының жиынтығы. Тіл жеке құрылысы жағынан алғанда, фигуралар мен функциялардың жиынтығы. Фигуралар - таңба жасауға қажетті материалдар. Функцияға тілдік тұлғалардың байланысы жатады дейді).
Америка структуралистері глоссематиктер ізімен тілдік элементтердің конкретті мағыналары мен дыбыстық құрамдары тіл құрылымына жатпайды, сондықтан олар тіл біліміне объект бола алмайды дейді. Бұл - қате тұжырым, тіл дыбыстарының тіл ғалымдарын қызықтыратын бір ғана жағы бар, ол - дыбыстардың фонемалық қасиеті, бұл - тіл дыбыстарының ең негізгі, бірден-бір өзіндік сипаты, грамматика мен лексиканың да назарын аударатын жағы - олардың бір-біріне байланыссыз алынған мағыналары мен акустикалық жақтары емес, форма мен форманың, сөз бен сөздің қатынасы, дифференциациялық мәндері дейді. Сөйтіп, бұлардың үшін тіл ғылымының ең өзекті мәселелері фонология мен морфология. Бірақ фонеманы оның дыбыстық материясынан бөліп алып, оған қарсы қояды. Фонема - лингвистиктердің интеллектуалдық шығармашылығы, структуралдық нүкте ғана дейді.
Тұжырымдай келгенде, Копенгаген структуралистері тілдік жүйе материалдық емес, Морзе әліппесі, жазу, сигналдар жүйесі, сөйлеу дыбыстары арқылы іске аса беруі мүкін деп түйіндеді. Ең кіші элемент ретінде сөйлеу дыбысын сипаттайтын болғандықтан «фонема» терминінің орнына Ельмелев «таксема» терминін қолданады.

16. Орта ғасыр лингвистикасы туралы пайымыңыз.
Орта ғасыр - адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір. Еуропа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөлуге болады: а) III-Ү ғасырлар арасы. Бұл - құлдық дәуірінің ыдырап, феодалдық қоғамның құрыла бастаған кезеңі; ә) ҮІ-Х ғасырлар аралығы. Бұл - феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы; б) ХІ-ХУІ ғасырлар аралығы. Бұл - феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта "қайта өркендеу дәуірі" деп аталатын кезең.
Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің туып, әлемдік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.
Дүние жүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүндет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Жергілікті халықтар ол тілде жазылған аят-хадистарды мағынасын, тілін түсінбесе де жатқа біліп, құдайға құлшылық ететін дұға ретінде айтуға міндетті болды. Бұл тіл -тіл ғылымында канондық тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен қатар канондық тілді де қолданды. Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халықтың өз ана тілі, сөйлеу тілі, теріс тіл, пендешілік тілі деп есептелді. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы - Құранның тілі болды. Араб тілі оқу пәні болды. Оны молдалар, дін иелері оқытты. Оқытудың I-сатысында әліпби, екінші сатысында иманшарт, үшінші сатысында әптиек, одан кейін Құран оқытылды. Еуропа халықтары үшін канондық тіл - латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқытылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жеке тілдер грамматикасы латын тілі грамматикасы негізінде сөз болып, соның үлгісіне түсірілді. Латын тілі грамматикасы барлық тілдерге бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ құрал деп есептелінеді. Солай бола тұрса да, орта ғасырдағы грамматикалық ой-пікірдің бір мәнді жағы бар: ол кейінгі заман жалпы тіл ғылымының сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Әлем халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізген "Қайта өркендеу дәуірінің" өзі де орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын. Сондықтан кейбір мәселеде кері тартпалығына, діни қарсылықтарына қарамастан, орта ғасырды прогресс үшін, ғылым үшін құралақан болды деу жөн емес.
Зерттеудің өзіндік жаңа жүйесін жасай алмағандарымен, қолтума еңбектер бермегендерімен, филологиялық, грамматикалық мәселелермен орта ғасырда шұғылданушылар да аз болған жоқ. Олардың баса назар аударған бір мәселесі - көне канондық жазбалар тілінің өзіндік нормасын өзгеріссіз сақтау, кейінгі заман жазба тілін көне канондық тілмен үйлестіру, олардың арасындағы алалықтарды бір ізге салу сияқты нормалаушылық жұмыстар болды. Бұл жұмыстарында олар антикалық қоғам қалдырған грамматикалық, поэтикалық, риторикалық, логикалық тұжырымдарға сүйенеді, соларды басшылыққа алады.
Канондық жазбалармен қатар біраз елдерде жазба жұмысы мен әдебиет едәуір дамыды. Жергілікті тілдерді зерттеу, нормалау, олардың грамматикаларын жазу талабы күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, ҮІІ-ХҮ ғасырлар аралығында иран, исланд, француз, испан, итальян, түркі, ағылшын, т.б. тілдердің грамматикалары жарық көреді.
Грамматика мәселелерімен қатар ежелгі дәуірден келе жатқан зат атауларының табиғаты жөніндегі мәселе де ескерусіз қалмады. Оны сөз етушілер бұл дәуірде де екі топқа бөлінді. Оның бірі - реалистік, екіншісі - номиналистер деп аталады. Реалистер заттар жөніндегі жалпы ұғым - ақиқат, ол алғашқы, зат соңғы деген идеалистік бағытты ұсынады. Номиналистер керісінше, зат болмаса, ол туралы ұғым да болмайды, сондықтан ақиқат нәрсе - зат, ол алғашқы, ал зат туралы ұғым соңғы деген материалистік бағытты уағыздайды.

17. Лингвистикалық ықтимал болжамы (Сепир-Уорф теориясы) және ол туралы пікірлерді сарапқа салып, өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
Лингвистика тарихында тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрыппен байланыстыра зерттеушілік те болды. Бұл жөніндегі алғашқы пікір ХVІІІ ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетшісі Иоганн Бердердің /1744-1803/ поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде Вильгельм Гумбольдт еңбектерінде кездеседі. Бірақ тіл мәселелерін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оны тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау XX ғасырдың 20-30 жылдарында белең алды. Қазіргі тіл білімінде осы негізде туып қалыптасқан екі бағыт бар: оның бірі - Америкада, екіншісі - Германияда.
Бұлардың екеуі де этнолингвистика деген шартты атаумен аталады. Оны Америкада қалыптастырушылар - Эдуард Сепир /1884-1939/ мен Бенджамин Уорф (1897-1941). Америкалық этнолингвистика мектебінің теориялық негізі Э.Сепирдің «Тіл» (1921), "Лингвистиканың жайы" (1929), Б.Уорфтың "Тіл, ойлау және шындық" (1956) деп аталатын жинаққа енген мақалаларында баяндалған.
Э.Сепир көтерген мәселелері тек этнолингвистикалық шеңберде ғана қалып қоймайды, ол индеецтердің бірнеше тайпаларының тілдерін зерттеген, жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін тілдің құрылымы жөніндегі мәселелерімен де шұғылданған, тілдердің типологиялық жіктелуі, әр түрлі әлеуметтік құбылыстармен байланысты мәселелер де Сепир еңбектерінің өзекті салалары. Э.Сепир тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы, адамдар, белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады, тіл мінез-құлық нормасына да әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес, тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы дейді.
Сөйтіп, екі мектеп те тіл функциясын, оның қоғам дамуындағы атқаратын ролін шектен тыс асыра сөз етеді. Тілге оның жаратылысына тән емес қызметтерді телиді. Адамдардың ой-санасы дүниеге көзқарасы, өзін қоршаған объективтік өмірді тану, мінез-құлық нормалары – бәрі де тілге тәуелді, осылардың бәрін тіл басқарады, бағыт сілтейді, тіпті адамдардың өздері де өз тілдерінің ықпалында болады, тіл – мәдениетті де, тарихты да жасаушы, қайта туғызушы, тіл - объективтік өмірге тәуелсіз, тек рух заңына ғана бағынатын өз бетінше бөлек жатқан бір бөлек дүние, ой дүниесі, адамдарды сыртқы әлеммен ұштастыратын, осы екеуінің арасындағы аралық дүние дейді. Мұндай пікірлер, әсіресе Америка лингвисі Уорф еңбектерінде ашық айтылады.
Тілдің қоғам өмірінде, оның даму тарихында елеулі роль аткаратыны, қоғам тарихын, оның рухани өмірін тарихын зерттеуде елеулі септігін тигізетіні белгілі. Сонымен бірге, тілдің қоғамдық ой-пікірдің қалыптасып, дамуында да бейтарап қалмайтындығы айқын. Бірақ соның ешқайсысында да тіл билеушілік, басқарушылық, бағыт сілтеушілік, жол көрсетушілік қызмет атқармайды. Ой-сананың қалыптасуына, жарыққа шығуына тілдің көрсетер қызметі аз емес, бірақ бұдан ойлауды, сананы тіл туғызады, басқарады деген қорытынды шықпайды. Тілдің объективтік өмірді танып, білудегі қызметі де осындай. «Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағы бірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады».
Сепир –Уорф (ХХ ғ.) тілдік ықтимал болжамының мәнісі: ”Адамдар объективті заттар мен қоғамдық қызмет әлемінде ғана өмір сүрмейді, сонымен бірге адамдар сол қоғамда қарым-қатынас құралы болып отырған тілдің де ықпалында табылады. Шындығында “нақты әлем” айтарлықтай дәрежеде сол топтың тілдік нормалары бойынша құрылады. Сол я басқа бір құбылысты біз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның тілдік нормалары ұсынған сөйленіс формасында есітіп, қабылдаймыз. Түрлі тілдерде сөйлейтін қоғамдық құрылымдар өмір сүріп жатқан әлем алуан түрлі әлемді алға тартады, сол бір ғана әлемді емес.
Б. Уорф: “Әр тілдің лингвистикалық жүйесі идеяларды жеткізу құралы ғана емес, тілдің өзі де адамның интеллектуалдық қызметіндегі бағдарлама болып, басшылық етеді. Біз табиғатты зерттегенде, оны өз ана тіліміз нұсқаған бағытта зерттейміз”. Яғни, олар – неогумбольдтшылдықтар тілді дүниеге ашылған терезе ретінде қарайды. Адам – сана - әлем тұрғысынан қарайды. Тіл қандай болса, сол тілде сөйлеуші халықтың да санасы белгілі бір деңгейде сол дәрежеде деп есептеледі. “Адам өз туған тілінің призмасы арқылы ғаламды түрліше көреді” дәлелдемесі Э.Сепир мен Б.Уорф ықтимал лингвистикасы теориясының негізінде жатыр. Олар орта еуропалық (батыс) мәдениет пен басқа мәдени әлем (жеке алғанда, Солтүстік Америка үндістері) арасындағы арасындағы айырмашылық тілдегі айырмашылықтарға негізделетінін дәлелдемек болды. Ю.Д.Апресян бұл лингвистикалық ықтимал теориясы туралы “тамаша болжамды” дәлелдеу қиын деген пікір білдіреді. Бұл кезде енді тіл әр тілдің призмасы арқылы көрінген ғалам бейнесінің бейнелену формасы ғана емес, қабылдау, есте сақтау, қайта құру процесіне тікелей байланыс бар, әрі құрушы, әрі ұйымдастырушы, әрі дамытушы қызмет тұрғысынан санамен қатысты қаралады.
Қазіргі заман тіл білімі - дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әр түрлі лингвистикалық бағаттар, мектептер, зерттеудің әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөліп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете, білдіре алмайды, оған өрісі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.